Еліміздегі республикалық маңызы бар автожолдар қысқы маусымға дайын. Арнайы техниканың 96 пайыздан астамы сақадай сай. Қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 843 кешенді жол машинасы жұмылдырылады, деп хабарлайды 24KZ.
Соңғы екі жылда жол қызметтерінің техника паркі 2 мыңға жуық жаңа көлікпен толыққан. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді. Оның айтуынша, қыс мезгілінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қар басу қаупі жоғары учаскелерде алдын алу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда қауіпті жол бөліктерінің ұзындығы 400 шақырымнан астамға қысқарды. Ал қар тоқтататын қоршаулардың жалпы ұзындығы 832 шақырымға жетті. Қысқы күтіммен қатар, жол қозғалысын бақылау жүйелері де жетілдіріліп жатыр. Астана – Теміртау және Алматы – Қонаев бағыттарында бейнебақылау жобасы сынақтан өтуде. Оның көмегімен 8 мыңға жуық оқиға анықталған.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
– Қысқы маусымға қажетті материалдар қоры да толық дайындалды. Атап айтқанда, жүз жиырма бес мың бес жүз текше метр құм, екі жүз елу мың алты жүз текше метр қиыршық тас, елендісі тоқсан тоғыз мың сегіз жүз тонна техникалық тұз, он сегіз мың бес жүз тонна көмір әзірленді. Осылайша, жол қызметтері қысқы маусымға толық дайын. Қажетті техника мен материалдар жеткілікті. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда да тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
Тегтер #24KZ #автожол #ҚазАвтоЖол #қысқы маусымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz