RU
Толық нұсқаға өту

Петропавлда халыққа қызмет көрсететін цифрлық орталық ашылды

10.11.2026, 15:50 57

Тұрғындар мемлекеттік қызмет алу үшін енді кезекте тұрмайды. Қажетті құжатты өзі рәсімдеп, онлайн форматтағы қызметті пайдаланады. Ал қиындық туындаса, мамандар көмектеседі, деп хабарлайды 24KZ.

Айта кетейік, бүгін – цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Аснурия Абдулла, тілші:

– Біз жаңа цифрлық ХҚКО-ның ішіндеміз. Мұнда тұрғындар қажетті қызметтерді кезек күтпей-ақ, өз бетінше ала алады. Орталық келушілерге ыңғайлы болу үшін бірнеше аймаққа бөлінген. Мысалы, мына экспресс-аймақта жеке куәлік пен төлқұжат рәсімдеуге өтініш беруге болады. Ол үшін арнайы терминал орнатылған. Бар болғаны бірнеше минут уақытыңыз кетеді. Мамандардың айтуынша, бұл қызмет көрсету сапасын жақсарта түседі.

Виталий Кирющенко, AI-кеңсе бөлімінің жетекшісі:

– Терминал тұрғындардың уақытын үнемдеп, құжат рәсімдеуді жеңілдетеді. Барлық процедура бір құрылғы арқылы жүзеге асады. Дайын құжат 15 күн ішінде беріледі. Әзірге мұнда тек жарамдылық мерзімі аяқталған немесе аяқталуға жақын жеке куәлік пен паспортты ауыстыруға болады. Алғаш рет құжат алуға өтініш қабылданбайды.

Ал мына аймақта компьютерлер мен сканерлер орналасқан. Мұнда тұрғындар eGov порталы мен eGov QR арқылы түрлі мемлекеттік қызметті пайдалана алады. Қажет болған жағдайда мамандар бағыт-бағдар беріп, көмектеседі. Айта кетейік, мұндай цифрлық орталықтар қазір еліміздің бірнеше қаласында жұмыс істеп тұр.

Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:

– Алдағы уақытта осындай кеңсе өзге өңірлерде де іске қосылады. Бүгінде осы орталықтар арқылы тұрғындарға 60 мыңға жуық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар 1414 байланыс орталығына жасанды интеллект көмекшісі енгізілді. Ол қазақ және орыс тілдерінде, тіпті аралас тілде де сөйлесе алады. Қазіргі уақытта әрбір оныншы қоңырауға жауап беріп, азаматтарға өздігінен кеңес береді. Жалпы 120 мыңға жуық қызмет көрсеткен.

Орталықтың тағы бір ерекшелігі – мұнда цифрлық сауаттылық бойынша тегін оқу сабақтары өтеді. Тұрғындар электронды қызметтерді өз бетінше пайдалануды үйренеді. Сабақтар аптасына екі рет ұйымдастырылады.

Авторлары: Аснурия Абдула, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz