RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында қыс мезгіліне дайындық пысықталды

10.11.2026, 19:20 48

Павлодар облысында «Қыс-2026» ауқымды оқу-жаттығулары басталды. Сала мамандары қысқы кезеңде туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайындығын пысықтады, деп хабарлайды 24KZ.

Жаттығу барысында жедел штабтар мен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың іс-қимылдары, халықты құлақтандыру жүйесі және барлық қызметтердің өзара үйлесімді жұмысы тексерілді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Қысқы маусымға дайындық жұмыстары өңірде қазірдің өзінде қарқын алды. Павлодар облысында құтқару және коммуналдық қызметтердің қатты аяз бен ақтүтек боран кезіндегі әрекет ету дайындығы тексерілуде. Оқу-жаттығу барысында мамандар жетуі қиын аумақтардан тұрғындарды эвакуациялау, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру, жылу және электрмен жабдықтау нысандарындағы апаттарды жою, қар басқан жолдарды тазарту және жылыту пункттерін ашу бойынша тапсырмаларды орындауда. Барлық жұмыс нақты төтенше жағдайлар кезіндегідей ұйымдастырылған. Басты мақсат – қысқы кезеңде туындауы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алып, түрлі қызметтердің бірлескен жұмысын үйлестіру.

Думан Қыдырмоллаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Биыл мына оқу-жаттығу барысында жаңа теміржолмен тасымалдауын жаңағы теміржол тасымалдау әрекетін жоспарлап отыр. Өйткені былтыр қыстың кезеңінде ондай оқиғалар болды. Шідертіде және осы Атамекенде жолда, бекеттерде көп халық жиналып, одан кейін оларды теміржолмен атқаруға әрекет қылған болатынбыз. Көптеген жаңартылған техникалар бар, ол жоғары өтімділігі, вахтовка дейді бізде адамдарды эвакуациялауға және мына жерде суда да, мұзда да жүретін болотоход техникасы бар.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Оқу-жаттығуға өңірдегі барлық жедел қызмет қатысты. Сценарий бойынша қатты соққан бораннан тас жолда 24 көлік тұрып қалған. Ал екі адам жақын ауылға жаяу бармақ болып, жолдан адасып кеткен. Оларды іздеуге құтқарушылар мен кинологтар дереу шықты. Мұндай кезде кинолог итті дұрыс бағыттап, оның әрбір қимылын бақылап отыруы керек. Өйткені жоғалған адамдарды табу көбіне кинолог пен қызметтік иттің бірлесіп атқарған жұмысына байланысты болады.

Галина Куценко, облыстық ТЖД кинологиялық бөлімнің басшысы:

– Біз қарлы боранға қарамастан, адамдарды іздеу жұмыстарын тоқтатпаймыз. Мұндай кезде біздің басты көмекшіміз, әрине, іздестіру иттері. Олардың әрбір қимылы мен жүріс-тұрысына мұқият мән береміз. Өйткені иттің адамның иісін сезгенін мінез-құлқынан бірден байқауға болады. Оның әрекетіне қарап, осы маңда адам болуы мүмкін екенін анықтаймыз. Содан кейін сол аумақты мұқият тексеріп, жоғалған адамды аман-есен табу үшін іздестіру жұмыстарын жалғастырамыз.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Құтқарушылар оқу-жаттығу кезінде барлық тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты. Мұндай жаттығулар мамандардың дайындығын тексеріп қана қоймай, өңірде қыс мезгіліне қажетті техника мен құралдардың жеткілікті екенін де анықтауға көмектеседі. Қазір Павлодар облысында 189 жылыту пункті дайын. Олар 16 мыңға жуық адамды қабылдай алады. Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде үйлерінен эвакуацияланған тұрғындарға арналған тағы 3 мыңға жуық орын бар. Ал қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, көмекке 2 мыңнан астам маман, мыңнан аса техника шығады. Олардың арасында жол талғамайтын арнайы көліктер де бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz