RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында әлеуметтік нысандар салынып жатыр

10.11.2026, 19:30 54

«Қазатомөнеркәсіп» Қызылорда облысындағы әлеуметтік жобаларға 2,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлттық атом компаниясының қолдауымен Шиелі ауданының Бәйтерек ауылында жаңа спорт кешені, Жаңақорған ауданының орталығында емхана, ал Ақжол елдімекенінде ауылдық клубтың құрылысы жүріп жатыр.

Шиелі ауданының Бәйтерек ауылдық округінде аумағы 900 шаршы метрден асатын спорт кешені салынып жатыр. Екі қабатты ғимаратта футбол, волейбол, баскетбол залдары қарастырылған. Кешеннің ашылуы ауыл жастарына күрес және жекпе-жек түрлерімен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік береді.

Төребек Жұманқұлов, Бәйтерек ауылдық округінің тұрғыны:

– «ҚазАтомПром» мекемесіне көптен-көп рақмет. Біздің келешегіміз – мына жастар, келешекте жақсы спортшылар шығады деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан намысын қорғайтын азаматтар осы ауылдық жерлерден шығып жатқаны өзімізге белгілі.

Ал Жаңақорған кентінде темір жолдың арғы бетіндегі халықтың сұранысы ескеріліп, 100 адамға арналған жаңа емхананың құрылысы жүріп жатыр.

Раушан Назарова, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

– Осы беттен мынау емхананың түсіп жатқанына қолдаймын. Себебі бұл жақтың халқына арнайы осындай емхана керек еді. «Қазатомөнеркәсібінің» жүргізіп жатқан құрылысына бәріміз қуаныштымыз.

Ақжол ауылында 150 орындық жаңа клуб бой көтеруде. Мұнда түрлі мәдени іс-шараларға арналған зал мен өнер үйірмелеріне шақталған кабинеттер болады. Мәдениет үйінің төңірегіндегі бір гектар аумақ аллеяға айналмақ.

Нұрсейіт Сәрсенбаев, Ақжол ауылының тұрғыны:

– Осы 1969 жылы асармен салынған клубымыз бар еді, тозығы жетті. «ҚазАтомПром» келіп, бізге осындай демеушілік жасап, осы Машбек ауылына осындай үлкен клуб салып беріп жатыр.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілуде. Қазатомөнеркәсіп болашақта да жергілікті азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдауын жалғастыра бермек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz