RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда жастардың ЖИ жобалары таныстырылды

10.11.2026, 22:50 50

Ақтауда жас өнертапқыштардың жасанды интеллект негізінде жасаған стартап жобалары көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Мақсат – өскелең ұрпақтың ойлау қабілетін ұштап, IT-технология бағытындағы бизнес бастамаларын қаржылай қолдауды көздейді. «AI Digital Mangystau» атауымен өткен дәстүрлі форумға 200-ден астам жасөспірім қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

«Оқушының ойлау қабілетін дамыту» құрылғысы жиналғандардың назарын аударды. Инновациялық жоба баланың оқу үлгерімін жақсартуға арналған. Технологиялық құрал күнделікті сабақ немесе үй тапсырмасын орындау кезінде ми қызметінің белсенділігін зерделейді. ІТ бағдарламада күрделендірілген логикалық сауалдарды кезең-кезеңмен қою арқылы баланың миын шынықтырады.

Батырхан Амантай, ІТ жоба жетекшісі:

– Бала күнделікті түрде тапсырмаларды жасайды. Біздің платформамызда оған күнделікті түрде 2-3 тапсырма беріледі. Бала 15 минутта сол тапсырмаларды орындайды. Оған қоса, әр апта сайын бір тест өткізіледі. Бізде шамамен 27 бала тестілеуден өтті. Жақында арада біз оны мектептерге енгізгіміз келеді.

ІТ жобалар көрмесі аясында оқушылар бірнеше топқа бөлініп, «Startup Battle» сайысында инженерлік ойлау қабілетін байқатты. Жарыс ережесіне сәйкес әр команда «LEGO» ойын құралын қолдану арқылы технологиялық жоба әзірлеп, оның өндірісте тиімділігін іс жүзінде көрсетуі керек. Осы секілді «Robo Game» және «GDG Workshop» байқауының жеңімпаздарына форум соңында қаржылай сыйлық берілді.

Әйгерім Мәжтай, Mangystau Hub аймақтық IT Hub жетекшісі:

– «Startup Battle» байқауына 1 млн теңге және «Decentrathon 6.0» байқауына 1,5 млн теңге жобасында жүлде қоры жинақталған. «Mangystau Hub» алаңынан үздік болып шыққан 10 команда бүгінгі жүлде қорына бақ сынасып, өз идеяларын жарыққа шығаратын болады. Бұдан бөлек, форум аясында «Жасанды интеллект: Маңғыстау облысының цифрлық болашағы» атты панельдік сессия өткен болатын. Өңірдегі мықты ІТ мамандарымыз бен Астана қаласынан қонаққа келген компания өкілдері өз пікірлерімен алмасқан болатын.

Айта кету керек, дәстүрлі шараға бірқатар қазақстандық технологиялық компания өкілдері де қатысты. Сала мамандары шеберлік сабағын өткізіп, жастардың стартап жобаларын жетілдіруге бағыт-бағдар көрсету үшін арнайы келген.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz