RU
Толық нұсқаға өту

Қазақтың «жыр аққуы» Марфуға Айтхожа 90 жасқа толды

10.11.2026, 23:40 46

Қазақтың «жыр аққуы» атанған Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожа 90 жасқа толды. Осыған орай Алматыда шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Марфуға Айтхожаның есімі қазақ әдебиетінде айрықша орын алады. Шығармалары қазақ поэзиясының алтын қорына еніп, бірнеше буынның рухани бағдарына айналды.

Марфуға Айтхожа – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Өзіндік қолтаңбасы мен ерекше лирикалық үні бар ақын. Оның шығармалары нәзік сезімге, терең толғанысқа, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен атамекенге деген сағынышқа толы. Ол 1936 жылы Қытайда дүниеге келген. 22 жасында елге оралып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және Мәскеудегі Жоғары әдебиет курсын тәмамдаған.

Марфуға Айтхожа, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын:

– 90 жасқа әркім келе бермейді екен. Мен бұл жасқа жетем деп ешқашан ойлаған емеспін. Енді соның өзінде де осы уақытқа дейін қолымнан қалам түспей, менің үлкен бір бақытым – әлі жазып жүрмін. Бұл елімнің, оқырмандарымның маған деген үлкен ілтипаты, құрметі, солардың тілегі шығар.

Марфуға Ғалиқызының 90 жылдық ғұмырының 60 жылдан астамы қазақ поэзиясымен бірге өріліп келеді. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарық көрді. Содан бері 40-тан астам кітабы басылып шықты. «Дара тұлға», «Аңсау», «Аққу жүрек», «Шыңдағы жазу», «Аққуым менің», «Қарагөз айым» сияқты шығармалары оқырманға жақсы таныс.

Ғалым Қалибекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары:

– Шын мәнісінде бұл кісі өте тағдырлы ақын. Қытайда оқып, осында оқып, әдеби ортаға келіп, ақындық жолға түсті және және жәй ғана ақын емес, қазақ поэзиясындағы ақиық ақындардың бірі болды. 0235 Қазақ жырындағы махаббат тақырыбын көп жырға қосқан ақын. Бұл кісі ән де шығарады. Бірқаншалаған әндері бар.

«Мен өмірімді өлеңге арнаған адаммын. Жазғаным халқыма жетіп жетіп, жүрегінен орын алса, одан артық арманым жоқ», - дейді ақынның өзі. Ол жырлары әлемге тараған ақын. Өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Сонымен қатар ол шетелдік белгілі қаламгерлердің туындыларын қазақ тіліне шебер тәржімалаған.

Қанат Тілеухан, жазушы:

– Бұл кісі – қазақ әдебиетінің алтын буыны келген 60-шы жылдардағы классиктер шоғырының қатарындағы айтулы ақын апаларымыздың бірі. Қазақ поэзиясындағы Шолпан Иманбаева, Мәриям Хәкімжанова сынды апаларымыздың көшін жалғаған үлкен талант иесі. Қазір «Оқитын ұлт» концепциясы айтылып жатқан кезде осындай жазу өнерінің атағы, абыройы, шығармашылығы салтанат құруы керек деп ойлаймын.

Кеш ақынның бай шығармашылық мұрасына қайта үңіліп, оның сыршыл поэзия әлеміне бойлауға мүмкіндік берді. Жиналған өлеңсүйер қауым сан қырлы талантын тереңірек танып білді. Шара барысында қазақ өнерінің танымал өкілдері мерейтой иесіне арнайы әзірленген шығармашылық бағдарламаны ұсынды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz