Шығыстағы жұрт шаңғы теуіп жүр.
Өскемен қысқы туризмді де барынша дамытпақ. Қала іші ғана емес, ауыл-ел де агро және экотуризмге көңіл бөле бастады.
Жалпы өңір туризмге 2 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйған. Алтайдың бірнеше ауылы республикалық рейтингте үздіктер қатарына да енді. Жергілікті тұрғындар жеңілдетілген несие алып, кемпингтер мен қонақүйлер ашып жатыр.
Өскеменде күздің қара суығы қысқа ұласты. Таулы аймақтар қазан айынан бері қар жамылып жатыр. Мұнда шаңғы маусымы да басталды. Климаттың осындай ерекшелігі, тұмса табиғат, этно және экотуризм өңірге жыл он екі ай туристерді тартады. Сондықтан бұл салаға инвестиция салуға ниетті кәсіпкер көп. Жыл басынан бері облысқа 300 мыңнан астам турист келген. Енді туризм маусымының қысқы кезеңі басталады. Риддер мен Глубокое ауданындағы тау курорттарында қазірдің өзінде демалушы көбейді. Оларға Өскемендегі туристік ақпарат орталығының мамандары бағыт береді. Жыл басынан бері орталыққа 5 мыңнан астам адам жүгінген. Айта кетейік, биыл Шығыс Қазақстанның екі бірдей ауылы еліміздегі үздік туристік ауылдардың бестігіне енді.
Ақерке Сейтханова, ШҚО туристік ақпарат орталығының менеджері:
- Қазір енді республикалық деңгейде біздің ауыл ТОП-5 ауылдың ішіне кіріп тұр. Басқа облыстарда бір-бір ауылдан кіретін болса, бізде бір уақытта 2 ауыл кірген болатын. Коробиха ауылы мен мен Берел ауылы көбіне туристердің келіп қызығатыны тек қана адамдардың тұрмыс салты, өмірі.
Туристер сұранысының артқанын байқаған басқа ауылдар да қонақ қабылдауға белсенді кірісті. Оның үстіне мемлекет тарапынан нақты қолдау бар. Ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, кемпингтер салып, қонақүйлер ашып, жол бойындағы дәмханаларды іске қосуда.
Инабат Қайсанова, "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ресми өкілі:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне жылдық 2,5 пайыздық үстемемен бұл үлкен жеңілдік деп санаймын. Осы жеңілдікпен ауылдық кәсіпкерлер өздерінің жобасын ұсынып, қаржы алып, бизнесін гүлдендіруде. Енді 26 жылды алатын болсақ, биыл «Ауыл аманаты» бойынша туризм бағытына 24 жобаны қаржыландырып үлгірдік.
Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асқан үш жылда туризм саласында жүзге жуық жоба іске асқан. Оларға жарты миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Шағын кәсіпкерліктің ізін ала Алтайға ірі инвесторлар да келе бастады.
Ирина Смит, ШҚО Туризм және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:
- Туризмнің дамуына кәсіпкерлеріміз зор үлес қосып отыр. Мәселен, Өскемен қаласында ірі қонақүй пайдалануға берілді. Риддерде де жаңа қонақүй салынды. Ал келесі жылы Катон-Қарағай ауданында үлкен велнес-қонақүйлердің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша өңірге тартылған инвестиция көлемі 12 миллиард теңгеге жуықтаған. Мемлекет тарапынан да жол-көлік қатынасы мен инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөлініп жатыр. Жазғы маусымда жол жөндеу жұмыстарына 53 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде әйгілі Рахман қайнарына асфальт жолмен жетуге болады. Ал еліміздегі ең биік көпір, Катон-Қарағайға баратын жолдың қауіпсіздігін арттырып, Тереңсай асуындағы қауіпті жолдарды айналып өтуге жағдай жасалды.
Авторлары Арыстанбек Кенже, Жігер Бабақанов
Тегтер #ШҚО #туризм #Өскемен #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz