RU
Толық нұсқаға өту
Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Атаулы әлеуметтік көмек: Қаржылай қолдау ма, әлде кедейліктен шығу жолы ма?

11.11.2026, 10:29 48

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді отбасылардың мұқтаждық деңгейін бағалау кезінде банк операциялары, несиелері мен мүлкі де ескеріледі. Ал қолданыстағы АӘК жүйесі азаматтарға кедейліктен шығуға қаншалықты көмектесіп отыр? Жәрдемақы алу жұмыс істеуге деген ынтаны төмендетуі мүмкін бе? Отбасылардың өз бетінше табыс табуы үшін нені өзгерту қажет? Осы және өзге де мәселелер жөнінде қаржыгер, Qazaq Expert Club сарапшысы Саида Тілеуленовамен сұхбаттастық.

– Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек өз міндетін қаншалықты атқарып отыр?

– Менің ойымша, атаулы әлеуметтік көмек қажет. Ол қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды әлеуметтік қорғаудың маңызды тетігі. Алайда азаматтардың одан әрі кедейленуіне жол бермеу мен оларды кедейліктен тұрақты түрде шығарудың аражігін ажырату керек. Бірінші міндет ақшалай төлемдер арқылы шешілсе, екіншісі кешенді шараларды талап етеді. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, біліктілігін арттыру, бала күтіміне қолайлы жағдай жасау, еңбекке араласуды қолдау және өңірлерде табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту қажет.

2025 жылы АӘК 54,4 мың отбасының 292,7 мың мүшесіне тағайындалды. Жалпы төлем көлемі 33,4 млрд теңге болды. Бұл әлеуметтік қолдауға деген қажеттіліктің ауқымын көрсетеді. Алайда жәрдемақы алушылардың саны немесе бөлінген қаражат көлемі отбасылардың кедейліктен қаншалықты табысты шығып жатқанын өздігінен аңғарта алмайды.

– Әлеуметтік жәрдемақы азаматтардың жұмысқа орналасуға деген ынтасына кері әсер етуі мүмкін бе?

– Мұндай қауіп әлеуметтік қолдаудың кез келген жүйесінде бар. Егер азамат ресми жұмысқа орналасқан кезде көмек көлемі күрт қысқарып, қосымша табысы отбасының материалдық жағдайын айтарлықтай жақсартпаса, «кедейлік тұзағы» қалыптасуы мүмкін. Яғни адам жәрдемақыдан айырылып қалудан қауіптенеді, ал жаңа жұмыс оның тұрмысын едәуір жақсартатынына кепілдік бермейді.

Дегенмен Қазақстанда АӘК-ке жаппай тәуелділік қалыптасты деп айта алмаймын. Мұндай қорытынды жасау үшін көмекті алу ұзақтығы, қайта өтініш беру жиілігі, алушылардың жұмысқа орналасуы және төлем тоқтағаннан кейінгі табысының өзгеруі туралы нақты деректер қажет.

Жәрдемақы алу адамның жұмыс істегісі келмейтінін білдірмейді. Оның денсаулығына байланысты мәселелері, бала күтімі жөніндегі міндеттері болуы немесе өзі тұратын елді мекенде бос жұмыс орындары мен лайықты қызметтің болмауы мүмкін.

Қазақстанда әлеуметтік көмек шартсыз және шартты болып бөлінеді. Еңбекке қабілетті алушылар үшін әлеуметтік келісімшарт жасалып, жұмыспен қамту шараларына қатысу көзделген. Ал еңбек ету мүмкіндігі объективті себептермен шектелген жекелеген санаттарға қатысты ерекшеліктер қарастырылған.

– АӘК жүйесі азаматтарды жұмыс істеуге ынталандыруы үшін қандай өзгерістер қажет?

– Менің ойымша, ең бастысы – жәрдемақыдан еңбек табысына өтуді азамат үшін қаржылық тұрғыдан тиімді ету. Егер адам жұмысқа орналасса, әлеуметтік қолдау бірден тоқтамауы керек. Оның орнына азаматтың табысы артқан сайын АӘК көлемін өтпелі кезеңде біртіндеп қысқарту тетігін қарастыруға болады.

Екіншіден, әлеуметтік келісімшартқа қатысты тәсілді өзгерту қажет. Ол тек азаматты оқу курстарына жіберумен немесе жұмыссыз ретінде тіркеумен шектелмеуі тиіс. Әр адамға жеке жоспар әзірленуі керек. Оның кәсіби дағдылары бағаланып, нақты жұмыс орны ұсынылып, жұмыс берушінің сұранысына сай оқыту ұйымдастырылуы қажет. Егер жұмысқа орналасуға көлік қатынасы немесе бала күтімі кедергі келтірсе, осы мәселелерді шешуге де көмектесу керек.

Үшіншіден, оқуға жіберілген адамдардың санын емес, нақты нәтижені бағалау маңызды. Қанша адам жұмысқа орналасты, олардың қаншасы 6-12 айдан кейін де сол жұмыс орнында қалды және отбасының табысы қаншалықты өсті деген мәселелерге назар аудару қажет.

– Әлеуметтік саясаттың тиімділігін қандай көрсеткіштер арқылы бағалау керек?

– Басты көрсеткіш – АӘК алушылар санын механикалық түрде қысқарту емес, кедейлікті нақты әрі тұрақты төмендету. Егер талаптар күшейгендіктен жәрдемақы алушылар азайса, бұл адамдардың тұрмысы жақсарды дегенді білдірмейді.

Отбасылардың нақты қолындағы табысын, кедейліктің тереңдігін, негізгі қызметтерге қолжетімділігін және бұрын АӘК алған азаматтардың еңбек табысы арқылы өз күнін өзі көру мүмкіндігін бақылау қажет.

Балалардың жағдайына да ерекше назар аударған жөн. Отбасының әлеуметтік көмек бағдарламасынан шығуы баланың қажетті қолдаудан айырылуына әкелмеуі тиіс.

– Әлеуметтік қолдау көрсетуде мемлекет пен азаматтың жауапкершілігі қалай бөлінуі керек?

– Мемлекет азаматтарды аса мұқтаж жағдайдан қорғауға және олардың білім алуға, медициналық қызметке, жұмысқа орналасуға әрі әлеуметтік бейімделуге қол жеткізуіне жағдай жасауға тиіс.

Ал еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс іздеу, сұранысқа ие дағдыларды меңгеру және келісілген жұмыспен қамту жоспарына қатысу сияқты міндеттерді орындауы керек.

Дегенмен жауапкершілік екіжақты болуы қажет. Жұмыс орны жоқ, көлік қатынасы дамымаған немесе балабақша қолжетімсіз елді мекендерде азаматтан жұмысқа орналасуды талап етуге болмайды. Әлеуметтік саясаттың мақсаты – адамды кедейлігі үшін жазалау емес, оның өз бетінше табыс табуына кедергі келтіретін себептерді жою.

– АӘК жүйесін жетілдіру үшін қандай үш негізгі өзгеріс енгізер едіңіз?

– Біріншіден, жәрдемақыдан еңбек табысына біртіндеп көшу тетігін енгізер едім. Бұл ресми жұмысқа орналасқан азаматтың әлеуметтік қолдаудан бірден айырылып қалмауына мүмкіндік береді.

Екіншіден, отбасыларды жеке сүйемелдеуді күшейту қажет. Яғни тек жәрдемақы тағайындап, формалды әлеуметтік келісімшарт жасаумен шектелмей, азаматты тұрақты жұмысқа орналастыруға немесе жеке ісін ашуға бағытталған нақты жоспар әзірленуі керек.

Үшіншіден, бағдарламаның нәтижесін бағалау жүйесін өзгерту қажет. Басты өлшем – жәрдемақы алушылар тізімінен қанша адамның шығарылғаны емес, бір-екі жыл ішінде табысын арттырып, мемлекеттік көмекті қажет етпейтін жағдайға жеткен отбасылардың саны болуы тиіс.

Атаулы әлеуметтік көмек төмен табыстың орнын үнемі толтыратын төлем емес, адамның қиын жағдайдан шығуына көмектесетін құрал болуы керек. Ол үшін мемлекет жәрдемақымен ғана шектелмей, азаматтарға тұрақты табыс табудың нақты мүмкіндігін ұсынуы қажет.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz