RU
Толық нұсқаға өту
@PR_KTZh

Stadler вагондары алғаш рет Астана – Алматы бағдарына жол тартты

11.11.2026, 12:15 45

Астана мен Алматы арасына швейцариялық технологиямен шығарылған жаңа Stadler вагондары қатынай бастады, деп хабарлайды «24KZ». 

11 қарашада «Нұрлы жол» вокзалынан Қазақстанда құрастырылған швейцариялық вагондарынан тұратын алғашқы жолаушылар пойызы сапарға шықты. Елдегі көлік саласының маңызды жаңалығына айналған бұл құрам күн сайын № 3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» бағдары бойынша қатынайтын болады.

Астанадан жөнелтілу уақыты – сағат 13:10, ал Алматыға жету уақыты келесі күні сағат 08:30. Сапар алдында БАҚ өкілдері жаңа вагондардың техникалық жабдықталуымен толық танысып, алғашқы жолаушыға арнайы естелік сыйлық табысталды.

Жаңа буын вагондары Қазақстанның қатал климаттық ерекшеліктеріне толықтай бейімделген. Олар –50-ден +45 градусқа дейінгі ауа температурасының ауытқуында үздіксіз жұмыс істеуге есептелген, ал техникалық қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайды. Купе вагоны 40 орынға, ал плацкарт вагоны 58 орынға шақталған. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы үшін вагондар климаттық бақылау жүйесімен, жеке жарықтандырумен, 220 В розеткалармен, USB және USB-C қосқыштарымен, сондай-ақ Wi-Fi желісімен жабдықталған.

 Сонымен қатар вагондар бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етіліп, мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жол жүруіне қажетті жағдайлар жасалған және пойыз құрамында арнайы вагон-буфет жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ балансына 100-ден астам Stadler вагоны қабылданды. Жалпы жасалған келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін елімізге барлығы 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу және кейіннен сапалы сервистік қызмет көрсету көзделген. Астана – Алматы бағытынан кейін, Stadler вагондарының келесі құрамы 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағдарына жол тартады. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz