RU
Толық нұсқаға өту
gov.kz

Астаналық мектеп оқушысы үш жылда 800 кітап оқыды

11.11.2026, 14:45 19

Елордадағы Ы. Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Батыр Балтабеков үш жылда 800-ден астам кітап оқыды, деп хабарлайды «24KZ».  

Осы уақыт ішінде Батыр қазақ және шетел классиктерінің шығармаларын оқып, әдеби мұрамен танысты. Қазір өзі де қалам тербеп, шығармашылыққа ден қойып жүр. Сүйікті авторларының қатарында Мұхтар Әуезов, Абай және Мұқағали Мақатаев бар. Ол қазақ және орыс тілдерінде кітап оқығанды ұнатады. Сондықтан әдеби танымы отандық жазушылардың шығармаларымен ғана шектелмейді.

Оқушы кітап оқуға деген сүйіспеншілігін достарына да дарытуға тырысады. Ол бірден кітап ұсынбай, алдымен олардың қандай тақырыптар мен жанрларға қызығатынын анықтайды. Содан кейін әрқайсысының талғамына сай шығарма таңдап береді. Оның айтуынша, ең бастысы – адамның кітап оқуға деген қызығушылығын оятатын туындыны табуға көмектесу.

Батырдың кітап оқуға әуестенуіне отбасы да әсер еткен. Ол үйде оқыған шығармаларын әдебиетке жақын әжесімен жиі талқылайды.

Мектепті аяқтаған соң Батыр тарих мамандығын таңдап, болашақта мұғалім болғысы келеді.

Ол «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына да қатысып жүр. Қорытынды емтихандарға дайындалса да, жобаға уақыт табуға тырысады. Осы уақытқа дейін марафон аясында бес-алты кітап оқып, әрқайсысы туралы өз пікірін жариялаған.

Мектепте де оның кітапқа деген қызығушылығына қолдау көрсетіледі. Батырмен сегізінші сыныптан бері жұмыс істеп келе жатқан сынып жетекшісі Нұрбек Шалғынбай оқушының білімге құштарлығы мен әдебиетке ықыласы ерекше екенін айтады.

«Батыр шағын мақалалар мен өлеңдерден бастап көлемді романдарға дейін түрлі жанрдағы шығармаларды оқиды. Оның білімге деген құштарлығы өте жоғары. Әдеби байқаулар мен шығармашылық сайыстарға жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Өзі де өлең жазады. Қазір оның 100-ге жуық туындысы бар», – дейді ұстазы.

Батыр мектеп кітапханасында да уақытын көп өткізеді. №83 мектеп-гимназияның кітапханашысы Әсия Әбілдинаның айтуынша, ол төртінші сыныптан бері кітапханаға тұрақты келіп жүр. Осы уақыт ішінде оның оқырман формулярын екі рет жаңартуға тура келген.

«Ол – кітапханамызға жиі келетін ең белсенді оқырмандардың бірі. Үнемі кітап алып тұрады. Көбіне көркем әдебиет пен классикалық шығармаларды оқиды. Әсіресе Мұқағали Мақатаевтың туындыларын жақсы көреді. Оның отбасы да кітап оқуға құмар. Бұл баланың әдебиетке қызығушылығына әсер ететіні сөзсіз», – дейді Әсия Әбілдина.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz