Жүзден астам америкалық компания өкілдері Қазақстанмен бірлескен жобаларды талқылау үшін Вашингтонда бас қосты. Қазақстан-АҚШ бизнес-форумы B20 саммиті аясында өтті. Жиынды АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау мен АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк ашты, деп хабарлайды 24KZ.
Ландау Қазақстанның саммитке қатысушы елдер арасында ең үлкен делегациямен келгенін ерекше атап өтті. Кездесуде көлік-логистика, энергетика, аса маңызды минералдар және озық технологиялар саласындағы әріптестікке басымдық берілді. Қазақстанның мақсаты – қаржымен бірге жаңа технология әкелетін инвесторларды тарту. Сондықтан келіссөздерде бірлескен өндірістер ашумен қатар, инвесторлардың құқықтарын қорғау кепілдіктері де таныстырылды.
Ардақ Зебешев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгін елімізге инвестиция құйып қана қоймай, жаңа технологиялар мен білім әкелетін, кәсіби тәжірибе мен біліктіліктің дамуына үлес қосатын компаниялардың өкілдерімен кездесіп отырмыз. Олардың қатарында Pepsi, Honeywell, Wabtec, Mars және басқа да ірі халықаралық компаниялар бар. Бұл компаниялардың әрқайсысы еліміздің экономикасына инвестиция салып, өндірістік және технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосуда.
Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:
– Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс тек ұйымдастырушылық шаралармен шектелмейді. Сонымен қатар Бас прокуратураның қадағалау функцияларын толық көлемде іске қосу арқылы олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп отырмыз. Атап айтқанда, бірде-бір мемлекеттік органның немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің инвесторлардың құқықтарын шектейтін шешімі прокуратураның келісімінсіз жүзеге асырылмайды. Бұл талап тексеру тағайындау, әкімшілік жауапкершілікке тарту және инвесторлардың құқықтарына қатысты өзге де кез келген шешімдерге қолданылады. Осылайша, прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған өзге де функцияларын толық көлемде атап өттік.
Форумда қазақстандық тарап Президент Жолдауында айқындалған ауқымды инфрақұрылымдық жоспарды таныстырып, америкалық инвесторларды бірлесе іске асыруға шақырды. Бұл жұмыста екі елдің іскерлік байланыстарын нығайтып келе жатқан АҚШ Сауда палатасының да орны ерекше. Ұйым үш миллионнан астам америкалық компанияның мүддесін білдіреді. Ал Қазақстан – оның құрамында өз іскерлік кеңесі бар өңірдегі жалғыз мемлекет.
Стефани Эштон, Ig Global Group компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті:
– Біз – толықтай америкалық компаниямыз және Қазақстандағы бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Қазақстандағы жұмысымызды 2021 жылы бастадық. Қазіргі уақытта Алматы мен Қарағанды қалаларында кеңселеріміз бар. Соңғы бірнеше жылдан бері ірі мыс кен орнын игеру жобасын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп келеміз. Бұл жобаға америкалық инвесторлар мен техникалық серіктестерді тартып жатырмыз. Алдағы жоспарымызда тағы бір ірі мыс кен орнын игеру жобасы бар. Қазақстанның әлеуеті зор, мұнда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.
Тегтер #Вашингтон #ҚазақстанАҚШ #бизнес форум #Мемлекет басшысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz