RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте өндірістік аймаққа теміржол тартылды

11.11.2026, 18:48 30

Шымкентте жүк тасымалын дамыту үшін жаңа теміржол желісі іске қосылды. Енді өнеркәсіптік аймақтағы зауыттарға шикізат жеткізу мен дайын өнімді тасымалдау жеңілдеді. Стратегиялық жоба Мемлекет басшысының транзиттік әлеуетті арттыру тапсырмасы аясында жүзеге асты, деп хабарлайды 24KZ.

Өндірістік аймаққа тартылған теміржолдың ұзындығы 6,4 шақырым. Желі толық іске қосылды. Стратегиялық маңызды шойын жол «Текесу» станциясы арқылы негізгі магистральға қосылады. Алдағы уақытта жүк тасымалын одан әрі жетілдіру үшін қосымша бекеттер ашу жоспарланып отыр.

Азат Қайнарұлы, Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Алдағы уақытта сол жерге бекеттер салынады. Сол бекеттер арқылы жүктің көлемі, жүктің жөнелту мерзімі барлығы сол арқылы жүргізілетін болады.

«Жұлдыз» индустриялды аймағында 71 кәсіпорын орналасқан. Инвесторлар ауыр металлургия, құрылыс материалдары және жиһаз өндірісімен айналысады. Айтуларынша, жаңа теміржол желісі логистиканы жақсартып, шикізат пен дайын өнімді жедел тасымалдауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешен аумағын кеңейту көзделіп отыр.

Үсен Асанханов, «Жұлдыз» индустриялды аймағының басқарушы менеджері:

– Кәсіпкерлер мен инвесторлардың ұсыныстары мен жоғары қызығушылығын ескере отырып, Мемлекет басшысы мен қала әкімінің қолдауымен индустриялық аймақтың аумағы қосымша 155 гектарға кеңейтілді. Осылайша, оның жалпы аумағы 461 гектарды құрап отыр. Бұл – Қазақстандағы ең ірі индустриялық аймақтардың бірі.

Президент Жолдауында теміржол желісін кеңейтумен қатар жүк тасымалын дамытудың маңыздылығына мән берілді. Осы мақсатта Шымкентте әуе, теміржол және автокөлік мүмкіндіктерін біріктіретін бірыңғай логистикалық жүйе құрылады. Стратегиялық жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

– Әуе айлағын мультимодальды орталыққа айналдыру үшін жолаушылар мен жүк тасымалын да жандандыру маңызды. Осы мақсатта жарық-сигналдық жабдықтармен қамтамасыз етілген екінші ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Бұл құбылмалы ауа райында кез келген әуе кемесін қабылдауға мүмкіндік береді.

Ұшып-қону жолағын жаңғырту экспорт пен импорттық әлеуетті арттыруға себеп болады. Ауқымды құрылысты келесі жылы аяқтау жоспарланған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz