RU
Толық нұсқаға өту

Еңбек нарығында кадр тапшылығы: техникалық мамандарға сұраныс жоғары

11.11.2026, 19:10 21

Жұмыс бар, маман жоқ! Бүгінде еліміздегі еңбек нарығында кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Кәсіпорындар бос жұмыс орындарын ұсынғанымен, оларға лайықты маман табу оңай емес. Бір өңірде жұмыс күші жетіспесе, өзгесінде еңбек ресурстарының ұсынысы сұраныстан асып түседі. Бұған не себеп? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Астана электротехникалық зауыты жұмысын бастағанына 15 жылға жуықтаған. Осы уақыт аралығында өндіріс көлемі ұлғайып, жұмысшылар қатары да көбейген. Дегенмен өндіріс орнында білікті кадр тапшы. Әсіресе цифрлық технологияны меңгерген инженерлер мен станок операторларына сұраныс жоғары.

Бақытжан Омаров, «Астана электротехникалық зауыты» кәсіпорнының техникалық жетекшісі:

– Біздің зауытта 300-ге жуық жұмысшы бар. Алайда осы жылдар ішінде электр жабдықтарын өндіру саласында білікті мамандар тапшылығы байқалады. Әсіресе сандық бағдарламалық басқару станогының операторлары, дәнекерлеушілер, токарьлар, электр монтаждаушылар, инженерлер мен жобалаушы мамандар жетіспейді. Қазіргі технологиялар мен жасанды интеллект дамыған заманда инженерлік-техникалық мамандарға да сұраныс артып отыр.

Дана Қилыбай, тілші:

– Ал енді сандарды сөйлетейік. Enbek.kz дерегіне сүйенсек 2026 жылдың 1 қаңтары мен 8 қарашасы аралығында тарату желілерінің электрмонтерлеріне 2 294 бос жұмыс орны жарияланып, 95 түйіндеме тіркелген. Электр жабдықтарын жөндеу мамандарына 2 695 бос жұмыс орнына 386 түйіндеме, ал ғимараттарды күтіп ұстау және жөндеу жұмысшыларына 4 140 бос жұмыс орнына 416 түйіндеме ұсынылған. Бұл техникалық мамандарға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Мадияр Алдияров, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының көші-қон процестерін талдау және еңбек ресурстарын болжау департаменті директорының орынбасары:

– Жұмыс іздеушілерге деген сұраныс жоғары, бірақ ұсыныс төмен. Жұмыс іздеушілер қалайтын жалақының арасында бір теңгерімсіздік бар екенін көрсетеді. Яғни бұл да бір себептердің бірі болуы мүмкін. Бірақ айта кету керек, нақты жалақы жұмыс іздеуші қандай жалақы алатынын сұхбат барысында, жұмысқа орналасу барысында айқындалатын болады. Айта кетейік, алдағы он жылда Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Соның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандық иелері. Бұл өндіріс, құрылыс пен техникалық салаларда кәсіби кадрларға сұраныс әлі де жоғары болатынын көрсетеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz