Биылғы жаз ыстық болды. Солтүстік Тянь-Шань тауларындағы мұздықтарды зерттеп жүрген ғалымдар осылай дейді. Қарашада ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мамандары Тұйықсу мұздығындағы жазғы бақылау жұмыстарын аяқтады. Ғалымдардың айтуынша, нәтиже көңіл көншітпейді. Себебі мұздық әдеттегіден әлдеқайда көп су жоғалтқан, деп хабарлайды 24KZ.
Алматыдан 30 шақырым жерде орналасқан Тұйықсу мұздығы ғалымдардың тұрақты бақылауында. Мұнда зерттеу жұмыстары 50 жылдан аса уақыт жүргізіліп келеді. Биыл ауа температурасы бұған дейін тіркелмеген деңгейге жеткен.
Николай Касаткин, ЮНЕСКО жанындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры:
– «Тұйықсу» станциясында метеорологиялық бақылау 1972 жылдан бері жүргізіледі. Биыл ең ыстық кезең болды. 1972 жылдан 2026 жыл аралығында мұндай жоғары температура тіркелген емес.
Жаздағы аптап ыстықтан мұздықтың шеті 42 метрге шегініп, аумағы 108 мың шаршы метрге азайған. Мамандар мұны ауа райының климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болуымен байланыстырады. Ал температура нөлден жоғары болған кезең 150 күнге созылған. Былтыр қыста қар қанша қалың түсті дегенмен мұз шығынын толтыра алмаған.
Василий Капица, таулы геокриология зертханасының меңгерушісі:
– Суды тиімді пайдалану үшін бейімделу шараларын қолға алу қажет. Әсіресе Алматы сияқты халқы көп ірі қалаларда су тұтыну мәселесіне аса назар аударған жөн. Ауызсуды үнемдеп пайдаланбасақ, болашақта тапшылық туындауы мүмкін.
Мұздықтардың азаюы әзірге тау өзендеріндегі су көлеміне айтарлықтай әсер ете қоймаған. Бірақ күн осылай ыси берсе, өңірде су тапшылығы пайда болуы мүмкін. Сондықтан мамандар ауызсуды үнемдеп, су ресурстарын тиімді пайдалануға шақырады.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz