Еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында және Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет саналады. Құрлықтағы шекарасының ұзындығы 13 мың шақырымнан асады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің алдында осынау ұлан-ғайыр аумақты заң жүзінде бекітіп қана қоймай, оны күзету міндеті де тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның шекарасы қалай қалыптасты? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Мемлекет шекарадан басталады. Егемендіктің ең маңызды белгісі де осы. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап өзінің территориясын нақтылауға ерекше маңыз берді. Делимитация және демаркация жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. «Бұрынғы кеңестік әкімшілік шекараларды енді тәуелсіз мемлекеттердің халықаралық шекарасы ретінде рәсімдеу оңай болған жоқ», – дейді сала ардагері.
Марат Мәжитов, ҰҚК шекара қызметінің ардагері:
– Шекараны белгілеу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды. Бір-бір шекара бекетін салудың өзі біз үшін үлкен қиындықтармен жүзеге асты. Сол кезде осы шекараның қажеттілігін өз халқымызға түсіндіру керек болды. Керек пе, керек емес пе деген мәселе туындады. Оңтүстікте тұратындардың балалары Өзбекстанда оқиды, электр жарығын бізден алады, суын Өзбекстаннан алады. Қарым-қатынас өте тығыз болды ғой. Сондықтан олар түсінбеді. Сол кезде түсінбегендіктен, өзімізге қарсы шыққандар да өз халқымыз болды. Қазір бәрі нақты орындалды. Қазір барлығы шекараның не екенін, оның маңызы қандай екенін біледі.
Қазақстан ТМД бойынша көрші елдермен шекарасын анықтап, толық заңдастырған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бұл бағытта отандық дипломаттар ұзақ жылдар бойы келіссөздер жүргізді. «Әсіресе Қытаймен арадағы шекараны межелеу ең күрделі мәселелердің бірі болды», – дейді саясаттанушылар.
Нұрлан Сейдін, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры:
– Делимитация және демаркация мәселесіне келетін болсақ, Қытай Халық Республикасымен шекарамыз толық анықталған. Бізге Кеңес Одағынан екі даулы учаске қалған болатын. Осы мәселелер бойынша екіжақты мемлекетаралық комиссия жұмыс істеп, шекараны толық анықтады. Кейін бұл келісімдерге мемлекет басшылары жоғары деңгейде қол қойып, мемлекеттік парламенттерде ратификацияланды.
Ел шебін айқындаумен қатар оны қорғау жүйесін құру да маңызды болды. 1992 жылы 18 тамызда Қазақстанның Шекара әскерлерін жасақтау туралы Жарлыққа қол қойылды. Бүгінде шекарашылар ел аумағының тұтастығын сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында қызмет атқарады.
Марат Мәжитов, ҰҚК шекара қызметінің ардагері:
– Шекара өздігінен қорғалмайды, оны адам күзетеді. Шекарашылардың тұрмыстық мәселелерді ойламай, тек шекара күзетіне көңіл бөлуіне мүмкіндік жасау үшін көп жұмыстар атқарылып жатыр. Ақтөбеде біздің кеме жасау зауытымыз бар. Сол зауытта жасалған кемелер қазір Қазақстанның Каспий теңізіндегі шекарасын күзетіп жүр. Өткен жылдың өзінде 60-тан астам қайықты, 4 мыңға жуық контрабандалық ауларды ұстадық. Соның бәрі атқарылған жұмыстың нәтижесі деп ойлаймыз.
Бүгінде Қазақстанның теңіздегі учаскелерін қоса есептегенде, мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Соңғы жылдары бұл салада цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған жүйелер енгізілуде. Ұшқышсыз ұшу аппараттары, спутниктік навигация, биометриялық сәйкестендіру және деректерді жедел өңдеу жүйелері шекарашылардың жұмысын жеңілдетіп, заңсыз шекара кесіп өту әрекеттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруде.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айбек Ақшолақов
Тегтер #Тәуелсіздікке 35 жыл #Орталық Азия #мемлекет #шекараPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz