Парижде әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас таланттар бас қосты. ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «The Planet of Art – 2026» халықаралық жастар фестивалі қорытындыланды. Шара аясында 50 елден келген жас суретшілердің туындылары көрмеге қойылып, гала-концерт өтті. Жыл сайын өтетін бұл жоба жас таланттардың халықаралық деңгейде танылуына жол ашып, түрлі халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрін жақынырақ таныстыруды көздейді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақтың салт-дәстүрлерінен сонау Африка елдерінің рәсімдеріне дейін. Париждегі бір көрмеде ондаған халықтың мәдениетін тоғыстырған тақырып – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұраны сақтаудағы әйелдердің рөлі. Халықаралық байқауға биыл 54 елден мыңдаған бала қатысқан. Парижде үздік деп танылған туындылардың бір бөлігі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге қазақ суретшілері Әйгерім Кәрібаева мен Бақыт Шүкетаев та арнайы әзірлеген шығармаларын алып келген. Әйгерім әлемнің әр түкпіріндегі әйелдер сақтап келе жатқан ерекше дәстүрлерді зерттеп, шығармаларына арқау етсе, Бақыт қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық салт-жоралғыларын бейнеледі.
Бақыт Шүкетаев, суретші:
– Әлемге ортақ алаңда жұмыстарымды осылай халықтың назарына қойып жатқанына өте қуаныштымын. Рақмет! Бұл жұмыстар осы шараға арнап салынған. Көп ел біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізді қарап, жұмыс арқылы, сөзбен болмаса да көзбен көріп танысып жатқанына өте қуаныштымын.
Биыл фестиваль ЮНЕСКО-ның 80 жылдығы мен ЮНЕСКО клубтары дүниежүзілік федерациясының 45 жылдығына орай ұйымдастырылды. Айта кетейік, аталған федерацияға 2023 жылдан бері Қазақстан төрағалық етеді. Байқау жеңімпаздары қазан айында Алматыда марапатталса, Парижде фестиваль лауреаттарына құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға ЮНЕСКО басшылығының өкілдері, дипломаттар, халықаралық ұйымдар мен өнер және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Фестивальдің өтуіне Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия, сондай-ақ Қазақстан мен Францияның бизнес өкілдері қолдау көрсетті.
Найеф Әл-Файез, ЮНЕСКО бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары:
– Қазақстанға осы жобаға атсалысып, түрлі мәдениеттердің басын қосқаны үшін алғыс айтамыз. Өйткені тірі мәдени мұраның басты мәні де осында – мәдениеттердің сан алуандығында. Біз бір ғана елдің емес, көптеген халықтардың мұрасын сақтаумен айналысамыз. Осындай тамаша көрменің ЮНЕСКО аясында ұйымдастырылуы Қазақстанның мәдени мұраны сақтауға деген зор ықыласын көрсетеді.
Бағлана Мусина, Freedom Holding Corp. компаниясының тұрақты даму жөніндегі бас директоры:
– Біз балалардың талантын ашуға, қабілеттерін дамытуға, ең алдымен, халықаралық сахналарға шығып, Қазақстанды әлемге танытуына қолдау көрсетеміз. Менің ойымша, бизнес өкілдері тек коммерциялық өсімді ғана ойламай, өз еліндегі әлеуметтік, қайырымдылық және шығармашылық бастамаларға, оның ішінде халықаралық жобаларға да қолдау көрсетуі тиіс.
Фестиваль «Келісім симфониясы» атты гала-концертпен жалғасты. ЮНЕСКО сахнасында он елден келген жас өнерпаздар бас қосып, классикалық шығармалардан бастап заманауи хиттерге дейін орындады. Сахнада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының музыканттары өнер көрсетті. Ал би қойылымдарын Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің тәрбиеленушілері ұсынды. Түрлі тілде шырқалған әндер мен сан алуан музыкалық дәстүрлер бір концертте үйлесім тауып, шараның атауын толық ақтады.
Фабиен, көрермен:
- Өте әдемі концерт болды. Түрлі мәдениет өкілдері, талантты жастар бір сахнада өнер көрсетіп, керемет үйлесім тапты. Қазақстан, Швейцария, Қытай, АҚШ, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдерден келген жас өнерпаздар бір жерге жиналды. Нағыз симфония деуге болады.
Роберта, көрермен:
- Бұл жастардың Париждегі фестивальге қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келгенін ескеру керек. Олардың өнері өте жоғары, кәсіби деңгейде. Қазірдің өзінде үлкен сахналарды бағындыруға дайын деп айта аламын. «The Planet of Art» фестивалінің тарихы 30 жылға жуық уақытты қамтиды. Ұйымдастырушылар фестиваль алдағы уақытта да жас таланттарға халықаралық сахнаға жол ашып, өз халқының мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытуға мүмкіндік береді деп сенеді.
Тегтер #Париж #ЮНЕСКО #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz