RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлерді тегін оқытады

12.11.2026, 09:10 31

Ақтау тұрғыны мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлерді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға тегін оқытады. Ал параспортшы қоғамдық бірлестік құрып, 30-дан аса адамды кәсіби спортқа баулып жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Айгүл Қалмұратова мемлекеттік бағдарлама арқылы денсаулық сақтау орталығын ашып, 10-нан аса адамды жұмыспен қамтыған. Іскер әйел әлеуметтік көмекке зәру тұрғындарды да өз бетімен табыс табуға бағыттап келеді. Олардың арасында мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлер де бар. Массаж жасауды үйреніп, компьютерлік сауаттылық курсын бітіргендердің кейбірі осы орталықта жұмыс істейді.

Айгүл Қалмұратова, әлеуметтік кәсіпкер:

– «Еңбектің түбі – сары алтын» дейді ғой. Сондықтан да еңбек еткен әр адам өзінің бұл өмірде орнын табады деп ойлаймын. Массаж мамандарын оқыттық, қазір бір жылдан астам жұмыс жасап жатыр. Зейнет жасындағы адамдармен де жұмыс жасап бастап жатырмыз. Мысалға, компьютерлерді үйретіп, әрі қарай оқытып.

Ғани Есентеміров парапауэрлифтингтен Қазақстан чемпионы, Әлем кубогының қола жүлдегері. Салауатты өмір салтын ұстануды таңдаған жерлестерін спортқа баулып жүр. Шәкірттерінің алды спорт шебері атанып, ауыр атлетикадан республикалық және халықаралық жарыстарға қатысқан.

Ғани Есентеміров, параспортшы:

– «Адамды адам қылатын – ол еңбек» – дейді қазақ халқы. Масыл болмай, қашан маған аузыма салып береді екен деп күтіп отырмай, өзің әрекет жасап, бала-шағаға үлгілі болудың амалын жасау керек. Сол сияқты осындай орталыққа келгеннен кейін психологиялық депрессиядан шығуға да өзіне, адамға оңай болады.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Мемлекетке қол қусырып қарап отырмай адал еңбек, ерік-жігерінің арқасында жетістікке жеткен осындай кейіпкерлеріміз қоғамға үлгі. Ақтау қалалық мансап орталығының мәліметінше, бүгінде ерекше қажеттілігі бар 120-дан адам субсидияланған ұйымдарда жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі, яғни 70%-ы жеке секторда, қалғаны мемлекеттік мекемеде қызмет атқаруда. Айта кетсек, биыл жүзден астам әлеуметтік кәсіпкер халыққа тұрақты табыс көзін ұсынған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz