RU
Толық нұсқаға өту

Коммуналдық қызметтер қысқа дайын ба?

12.11.2026, 13:20 24

Астанада биыл қала көшелерін қардан тазалауға 1 мыңнан астам техника мен 2 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Олар бірнеше коммуналдық компаниялардың қарамағында, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір аталған мекемелер қысқы маусымға қызу дайындық үстінде.

Әлбетте, 1 млн 700 мыңнан астам халқы бар елорданың тазалығы мінсіз болуы тиіс.

Астана қаласының әкімдігіне қарасты коммуналдық мекеменің ауласында қаз-қатар тізілген бұл арнайы техникалар қазір қалаға қар жауғанын күтіп тұр. Оларды мамандар күн сайын біртіндеп тексерістен өткізіп, сынап көріп жатыр. Кем-кетігі болса, жөндеп, қысқы маусымға әзірлеп қояды. Ал биыл Астана көшелерін қардан тазалауға тек осы мекеменің өзінен 354 техника шығады.

Нұржан Бекқалиев, коммуналдық мекеменің көлік жүргізушісі:

– Ең бірінші, әрине, қозғалтқыш жағынан, қорап жағынан бәрін тексересің. Дөңгелектерін түгел тексересің. Алдындағы жабдықтары, яғни ілетін қар күрегі соның бәрін тексереміз. Электр жағынан да тексереміз. Қар жауған кезде енді ол «тоқтаймын» деп сұрамағандықтан, сағаттап жұмыс істейміз. Соған дайын болуымыз керек. Өзіміз де дайындаламыз. Дәрігерлік тексеруден өтеміз.

Астананың алты ай қысында тәулік бойы тыным таппаған соң, техникалар да тозады. «Мекеме басшылығы оларды жылда жаңартып отырамыз», – дейді. Биыл да 23 арнайы техника сатып алу жоспарланыпты.

Альберт Есәлиев, коммуналдық мекеменің бас директоры:

– 10 жаяу жүргіншілер жолымен жүретін көпбейінді, көпфунционалды техника келді. Бұл жаяу жүргіншілер жолымен жұмыста тұз себу, қар тазалау мәселесінде көп көмегін көрсетеді. Сонымен қатар жылдың аяғына дейін тағы да көше сыпыратын техникалар келу керек. Жүргізетін жүргізушілер, механизаторлар да толық алынып, дайындық жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар техникалық тұз, мұзға қарсы қоспа, жанармай қорларын қалыптастырамыз.

Жүргізушілер арасында жолға себетін осы тұз бен химиялық қоспалар көлікке зиян деген түсінік бар. Орайы кеп тұрған соң, көпшілікті мазалаған сұрақты коммуналдық мекеменің басшысына қойдық.

Альберт Есәлиев, коммуналдық мекеменің бас директоры:

– Жалпы біз әлемдік тәжірибені қарап отырмыз. Басқа қалаларды, деген сияқты, Қазақстан ішіндегі. Біздің Астана қаласының ауа райының, сонымен қатар температураның, қардың түсуін, осының бәрін ерекшеліктерін ескеріп, бізде техникалық тұз себіледі. Техникалық тұз ол 18 градусқа дейін жұмыс жасайды. 18-ден жоғары болатын болса, онда реагент. Реагент ол – өте қымбат дүние. Сондықтан негізінен сол техникалық тұз пайдаланатынымыз. Бірақ оны біз көп мөлшерде емес, қажет болған жағдайда ғана аудан әкімдіктерінің тапсырыстары бойынша шашамыз. Мысалға, қыс кезінде түн уақытында жаңбыр жауды. Түнімен жаңбыр жауады да, таңмен қатырып тастайды. Не жасаймыз? Қандай басқа бізде мүмкіндік бар? Бірақ біздер түнде ұйықтамай, екінші ауысымда жұмыс жасаймыз ғой. Себетін болсақ, 2-3 сағаттан кейін ерігеннен кейін, біз оны қайтадан сыпырып алып тастаймыз. Ешкімге де зияны жоқ.

Қар тазалауға қайта оралсақ. Мәселен, әкімдікке қарасты «Астана-Тазалық» коммуналдық мекемесі қала бойынша 5 ауданда 18 бағытта жұмыс істейді. Жоғарыда айтқан 354 техника екі ауысымға бөлініп, күндіз-түні халыққа қызмет көрсетеді. Одан бөлек, қар өте қалың жауған күндері қосымша жекеменшік 500-ден астам техника тартылады. Ал олардың жүріс-тұрысының бәрі бақылауда болады. Яғни біздің ауданға техника келмей қалды немесе дұрыстап тазаламады деген шағым болмас үшін.

Жарас Ахмедия, коммуналдық мекеменің бас маманы:

– Әр техникада GPS орнатылған. Яғни біз қай техниканың қандай маршрутпен жүргенін, қайда жүргенін және одан бөлек, әр техниканың өзінің датчик деңгей отыны бар. Яғни онда қанша дизель қалғанын, қоры қаншаға жететінін барлығын көріп отыра аламыз.

Техникадан бөлек, қар тазалауға қыста 700-ден астам жұмысшы жұмылдырылады. Олар да бірнеше ауысымға бөлініп, тәулік бойы еңбек етеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Ерзат Зайтхан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz