RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да медицина саласында маман жетіспейді

12.11.2026, 14:40 24

Шығыс Қазақстан облысында 150-ге жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе шағын қалаларда кадр тапшылығы өзекті. Мысалы, Риддерде кардиолог, гинеколог, хирург сияқты мамандарды табу қиын, деп хабарлайды 24KZ.

Жергілікті билік болса, ірі зауыттардың демеушілігімен жастарға әлеуметтік қолдау көрсету арқылы мәселені шешуге тырысуда. «Дегенмен бұл жеткіліксіз», – дейді сала өкілдері.

Риддердегі бұл аурухана былтыр ашылған. Нысанда соңғы үлгідегі медициналық жабдықтардың барлығы бар. 83 дәрігер мен 250-ден аса орта буынды маман жұмыс істейді. «Дегенмен кардиолог, гинеколог, хирург жетіспейді», – дейді басшылық.

Марат Білейменов, Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері:

– Мамандарды өңірге тарту үшін әлеуметтік қолдау пакетін одан әрі жетілдіріп, қала жағдайында берілетін көмекті 5 миллион теңгеге дейін көтеру қажет деп ойлаймыз. Сондай-ақ келген жас мамандарды баспанамен уақытылы қамтамасыз етсек, кадр тапшылығы мәселесін шешер едік.

Шағын шаһарлар облыс орталығынан шалғай орналасқанмен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көре алмайды. «Сондықтан көбінесе жергілікті кәсіпорындардың көмегіне сүйенуге тура келеді», – дейді әкімдік өкілдері. Риддердегі металлургиялық зауыт биыл жас мамандарға бес пәтердің кілтін беріп, бір реттік өтемақы ұсынған.

Қаныбек Тілеухан, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

– Бес пәтердің кілтін табыс етті. Ол дәрігерлерге жаңадан келген, ауысып келген, басқа жақтан қоныс аударып келген мамандарға берілді. Бизнестің әлеуметтік көмек көрсетуі жағынан өте көп демеу болып тұр.

Риддердегі аурухана резидентурада білім алатын жастарға үміт артып отыр. Жалпы облыс бойынша жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім жетілдіру мекемелерінде 49 маман оқып жатыр.

Әлия Хасенова, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Расында, шағын қалаларда бұл мәселе күрделі. Алтай, Риддер, Серебрянскіге келген жастарды әлеуметтік тұрғыдан ешқандай қолдау қарастырылмаған. Дегенмен жергілікті әкімдік қызметтік немесе жалға берілетін баспанамен қамтып, пәтер алу үшін жеңілдетілген несие беруді қарастырып жатыр.

Президент тапсырмасына сай алдағы уақытта дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау ауқымы артады. «Бұл түйткілді сұрақтың түйінін тарқатуға ықпал етері сөзсіз», – дейді сала өкілдері. Мысалы, келер жылдан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға арттыру жоспарланған. Бұл – 77 мыңнан астам маманның табысын еселейді деген сөз.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz