Жыл соңына дейін елдегі жарты млн халықты ауызсумен қамтитын 12 нысан қолданысқа беріледі. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің айтуынша, 5 бірдей су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды 24KZ.
Бұдан бөлек, ұзындығы 4600 шақырымнан асатын 700-ден астам суару арнасы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жалпы ирригациялық жүйелерді жаңғырту бойынша 64 жоба қолға алынған. Бұған дейін 46-сы толық іске асса, биыл тағы бесеуінің құрылысы аяқталмақ. Келер жылы 13 жүйе толық қалпына келтіріледі. Вице-министр Арал теңізіндегі су деңгейін көтеру мақсатында ирригациялық арналардың жаңғыртылатынын жеткізді. Бүгінде теңіз суы 25 млрд текше метрге толыққан. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 32,5 млрд текше метрге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Жандос Сәлімов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
– 1-кезең аясында 131 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Аталған жоба Үкімет жанындағы Үйлестіру кеңесінің отырысында мақұлданды. Жобаны іске асыру мерзімі – 2027–2030 жылдар аралығы. Жобаның негізгі мақсаты – Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су ресурстарының көлемін ұлғайту және тұрақтандыру арқылы Арал маңы өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту.
Тегтер #ауызсу #нысан #су қоймасы #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz