RU
Толық нұсқаға өту

Елде жылу маусымы қалыпты жағдайда өтіп жатыр

12.11.2026, 21:02 24

Электр станциялары халықты жылу және жарықпен тұрақты қамтып отыр. Апаттық оқиғалар саны жылдағыдан азайған. Жаз бойы ескірген жылу желілерін жаңғыртуға басымдық берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл Ақмола облысында 36 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылып, 32 жылу агрегатына күрделі жөндеу жүргізілді. Бурабай ауданында бес қазандық жаңғыртылды. Сондай-ақ өңірде үш жаңа блокты-модульдік қазандық іске қосылды. Жылумен жабдықтау жүйесіне республикалық бюджеттен 44 млрд теңге бөлінді.

Әсетхан Атабеков, Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Жылыту маусымы өту барысына біз күнделікті түрде мониторинг жүргізіп жатырмыз. Оның нәтижесінде қазіргі таңда ешқандай технологиялық бұзушылықтар тіркелмеген. Бекітілген температуралық кестелер барлық жылу беру ұйымдарында сақталып келе жатыр. Жалпы жылыту маусымы тұрақты, қалыпты өтіп келе жатыр. Жоспарланған жұмыстардың бәрі іске асқан. 

Алдағы қыс қазақстандық энергетиктер үшін үлкен сынақ болмақ. Қатты аязда елдің энергетикалық жүйесіне түсетін жүктеме 3 пайызға артып, 18 мың 200 мегаватқа жетуі мүмкін. Жүктеменің артуына дайындық аясында биыл жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 27 пайызға ұлғайтылды. Электр станцияларын, желілер мен жылу магистральдарын жаңартуға 1 триллион теңгеге жуық қаражат бағытталды. Нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52 пайызға, жылу желілерінікі 48 пайызға дейін төмендеді. Ал технологиялық бұзушылықтар саны 6 пайызға, электр станцияларында 8 пайызға қысқарды.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Биыл жоспарланған 9 энергоблоктың 8-інде және 55 қазандықтың 49-ында жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандарда жөндеу жалғасып жатыр. Электр станцияларына өткен жылы 348 миллиард теңге, биыл 384 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат энергетикалық нысандардың сенімділігін арттыруға бағытталған.

Сенімділікті арттыру елдегі энергетикалық нысандарда апаттық жағдайлардың санын азайтуды білдіреді. Сонымен қатар Қазақстанда халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз етуге арналған заманауи цифрлық платформа жұмыс істейді.

Ернар Хасенов, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы:

- Платформаға 560 оператор мен 970 көмір ошағы біріктірілген. Жүйе көмір өндіруден бастап соңғы тұтынушыға жеткізуге дейінгі процесті нақты уақыт режимінде бақылайды. Сондай-ақ ықтимал қауіп туралы алдын ала ескертіп, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір барлық өңірде қажетті 7,3 миллион тонна көмірдің 4,5 миллион тоннасы, яғни 62 пайызы дайындалды. Әзірге ешқандай қауіп жоқ.

Үкімет жанындағы комиссия энергетикалық кәсіпорындардың бұрыннан жиналған қарыздарын өтеу мәселесін шешіп жатыр. Дебиторлық берешек 11 пайызға қысқарып, 72 миллиард теңгеге дейін төмендеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, өңірлерде бекітілген қарызды өтеу кестесі электр станцияларының газ үшін уақытылы есеп айырысуына және қыс бойы жабдықтардың қажетті резервін сақтауға мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz