Мекеме облыстық көпбейінді ауруханада орналасқан. Медицина ұйымында созылмалы және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарға көмек көрсетіледі. Келушілер сегіз маманның көмегін бір жерден алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды 24KZ.
Орталықты жөндеп, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтауға 200 млн теңге жұмсалған. Дәрігерлер күніне 150 науқасқа медициналық көмек көрсетеді. Мұнда эндокринолог, кардиолог, невропатолог, гастроэнтеролог сияқты білікті дәрігерлер бар. Сонымен қатар аритмология, қан тамырлары хирургиясы және диабеттік табан кабинеттері жұмыс істейді. Арнайы зерттеу және емшара бөлмелерінде ішек, жүйке жүйесі мен сирек кездесетін ауруларды анықтап емдейді.
Марат Жұманқұлов, облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:
– Бұл орталықта ең қажетті мамандықтар бойынша 8 маман жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда телемедициналық қызмет те бар. Яғни орталық шалғайда орналасқан ауылдармен байланысқа шығып, пациенттерге кеңес бере алады. Бұл – медициналық қызметтің сапасын жақсартуға арналған шара. Яғни пациент бір жерге келіп, бір маманның қабылдауынан өтеді, қажетті зерттеулерді бір жерден тапсырады және диагнозын алады.
Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – ауруларды ерте анықтап, асқынудың алдын алу. Әсіресе қант диабетімен ауыратын науқастарға ерекше көңіл бөлінеді. Дәрігерлер диабеттік табан белгілерін дер кезінде анықтап, аяқ-қолды ампутациялауға дейін жеткізетін асқынулардың алдын алмақ.
Арайлым Демекова, гематология бөлімінің меңгерушісі:
– Қандай да бір өзгеріс болатын болса, бізде миелограмма деп аталатын талдау бар. Сол талдауды осы орталықта жасап, нәтижесін анықтап, ертеңінде науқасқа диагноз қоя аламыз. Цифрлық зертханалық микроскоп алдық. Бұрын лаборант-дәрігерлер микроскоп арқылы қарайтын болса, қазіргі таңда бұл микроскоп зерттеу нәтижесін экран арқылы да көрсетеді. Бұл дәрігерлер үшін үлкен мүмкіндік.
Құзыреттілік орталықта шалғай аудандардағы медицина ұйымдарымен де байланыс жолға қойылған. Дәрігерлер күрделі жағдайларды онлайн талқылап, әріптестеріне кеңес береді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан
Тегтер #Тараз #Құзыреттілік орталығы #көпбейінді ауруханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz