RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бойынша 189 жобаға қолдау көрсетілді

12.11.2026, 20:32 29

Биыл Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 189 жобаға қолдау көрсетілді. Жеңілдетілген несие алғандар қатарында Қаратал ауданының кәсіпкерлері мен шаруалары бар. Мемлекеттен қаржы алғандар мал басын көбейтіп, қайта өңдеу және қызмет көрсету саласын дамытуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды 24KZ.

Жанна Ғалымжанқызы Үштөбе қаласындағы теміржол бекеті жанынан ұлттық тағамдар дәмханасын ашты. Өз ісін кофе сатудан бастаған кәсіпкер мақсатына жету үшін мемлекет қолдауына жүгінген.

Жанна Ғалымжанқызы, кәсіпкер:

– 2%-бен 23 млн теңге алдық. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (ӘКК) арқылы. Бізге негізі өте тиімді. Себебі бір жыл бойы каникул беріледі. Тағы бір ыңғайлылығы – бір жылдан соң төлем тәртібін өзіміз таңдаймыз. Ай сайын төлейміз бе, үш айда, алты айда немесе бір жылда бір рет төлейміз бе – оны өзіміз шешеміз. Бұл біз үшін өте тиімді әрі үлкен көмек. Жолаушыларды тамақтандыру және қызмет көрсету мақсатында кәсіпкер 23 адамды жұмысқа алған. Олардың біразы жартылай дайын өнім жасап, ыстық ас әзірлейді.

Айғаным Ниетжанова, аспаз:

– Наурыз көже, сірне, қуырдақтың 5-6 түрі, нарын, сорпа, кеспе көже. Күнделікті мәзірде бар. Қазақ тағамын жасап, қазақ салтын тағамын насихаттаймыз.

Ал Дүйсенбек Жұмабай екі жылдан бері мал өсіріп, егіншілікпен айналысады. Биыл 20 гектарға еккен қант қызылшасын тамшылатып суару жүйесі арқылы өсірді. Өнім жинағалы отырған шаруаның техникалары түгел болғанымен қосалқы бөлшектері жоқ. Сол себепті «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алуға өтініш берген.

Дүйсенбек Жұмабайұлы, шаруашылық жетекшісі:

– 2,5 пайыздықпен 34 млндық үкімет көмек қаражатын беріп жатыр. Соқа жер тегістейтін, сейілке, тұқым себетін, шөп шабатын аламыз, шөп шабатын аламыз, тамшылатып суарудың соған қатысты техникаларын тапсырыс беріп қойдық, енді осы жуықта келеді. Жазғытұрым жұмыстарымыз жеңілдейді. Тиімділіктер болатын болып жатыр.

Биыл Қаратал ауданы бойынша 23 адам мемлекеттік бағдарламаға қатысқан. Ұсынылған жобалардың басым бөлігі қолдауға ие болды.

Алмас Атайбеков, Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

– 23 өтінімнің 13 өтінім мақұлданды, 221 млн теңге, 2 өтінім қаралу бағытында. Ол 44 млн теңге. Және 8 өтінім бас тартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша алу себебі, ол бізде мал сатып алу, техника сатып алу және қайта өңдеу мақсатында алып отыр. Облыс бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 5 млрд теңге қарастырылды. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 271 жобаға қолдау көрсетіп, 500-ден аса жұмыс орнын ашу көзделген.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz