RU
Толық нұсқаға өту

Семейдегі дағдарыс орталығы 3 мың адамға көмек көрсетті

13.11.2026, 07:10 20

Бір ғана Семейдегі дағдарыс орталығы қиындыққа тап болған 3 мың адамға көмек көрсетті. Бұл – жыл басынан бері атқарылған жұмыстың нәтижесі. 

Орталықтағы мамандар қиындықпен күресуге, отбасын сақтап қалуға және әлеуметтік жағдайдың ушығуына жол бермеуге жәрдем береді. Ал келген адамды қандай мәселелер толғандырады? Оларға нақты қандай көмек бар?

Семейдегі Отбасын қолдау орталығы екі бағытта жұмыс атқарады. Біріншісі – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету, екіншісі – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау білдіру. Осы мақсатта қалада дағдарыс бөлімі жұмыс істейді. Мұнда балалы әйелдер уақытша паналап, қажетті көмек ала алады. Соңғы үш жылда орталыққа  945 адам жүгінген.

Орталықтың мақсаты – отбасылық дағдарысты еңсеруге көмектесіп қана қоймай, мүмкіндігінше шаңырақтың шайқалуына жол бермеу және жанжалдардың қайталануын болдырмау. Көп жағдайда отбасындағы түсініспеушіліктерге қаржылық және әлеуметтік қиындықтар себеп болады. Сондықтан психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер әр отбасының мәселесін жан жақты қарастырып, кешенді көмек көрсетеді. Жыл басынан бері орталық 3 мыңдай адамға көмек көрсетті.

Айнұр Сұлтанбекова, Отбасын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығының психологы:

- Біздің ең басты мақсат – отбасын сақтап қалу. Сондықтан бізге мысалы, әйел адам келген кезде біз сол әйелмен жұмыс жасамаймыз, толық отбасымен жұмыс жасаймыз. Мысалы, тек қана күйеуімен ұрысу, ата-енесімен ұрысу болып жатады. Сондай жағдайда біз балаларымен ата-анасымен бірігіп, жұмыс жасаймыз. Отбасылық медитация өткіземіз.

Қазір Абай облысында төрт Отбасын қолдау орталығы бар. Олар Семейде, Абай және Бородулиха аудандарында, сонымен қатар Курчатов қаласында жұмыс істейді. Отбасылық қиындықтарға тап болған кез келген тұрғын орталық мамандарына жүгіне алады. Мұнда көрсетілетін көмектің барлығы тегін. Авторлары: Арыстанбек Кенже, Мәди Базарбеков

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz