RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда жылу қазандығының құрылысы басталды

13.11.2026, 07:30 18

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың жоғары бөлігіндегі шағын аудандарда жылу тапшылығы болмайды. Жоба құрылысына инфрақұрылымды дамыту қорынан 48 млрд теңге бөлінді.

Жалпы келесі жылы Маңғыстау облысында құны 106,4 млрд теңге болатын бірқатар энергетикалық жоба жүзеге асады. 

Қала халқының саны соңғы жылдары қарқынды өсіп, 311 мың адамнан асты. Бұрын 29 шағын аудан болса, қазір 42-ге жетті. Ауызсу, электр қуаты және жылуға деген сұраныс артты. Өңірде жылыту маусымы 15 қазанда басталады. Десек те, МАЭК-тен берілетін жылудың қуаты барлық ауданға жетпейді. Жыл сайын осылай. Бүгінде қала бойынша жылу тапшылығы сағатына – 130 гигакалория. «Жуырда құрылысы басталған жылу қазандығы іске қосылғанда,   тапшылық мәселесі шешімін табады», - дейді мамандар. Нысан құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі.  

Мереке Бошанов «Казстройподряд» ЖШС бас директорының орынбасары:

- Жалпы қуаттылығы – 363 гигакалория. Бұл құрылыс нысанында 11 жұп жылу қазандығы болады. Әрқайсының жылу қуаты 33 гигакалория және 22 газ жандырғышы қойылады. Қазір жұмыс жұмыстарына отызға жуық адам тартылған. Келер жылдың жылыту маусымына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Президент жариялаған «Халықтық құрылыс жылы» өңірде 9 негізгі бағыт бойынша 43 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Оған 579 млрд теңге жұмсалады. Мысалы, Ақтауда жылу желілерінің 65% әбден тозған. Су құбырлары 58%, ал кәріз желілерінің тозуы 69%-ды құрайды. Қайта жаңғырту жұмыстары арнайы әзірленген «Жол картасы» шеңберінде кезең-кезеңімен атқарылады.

Бердібек Қартбаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- №7 шағын ауданнан бастап №24 шағын аудан аралығында желілерді толықтай жаңартатын боламыз. Ал енді газ саласына келетін болсақ, өздеріңіз білетіндей, Ақтау қаласы мен оған іргелес елдімекендерді, одан бөлек салынатын ірі өндірістік кәсіпорындарды газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңаөзен – Ақтау» желісінің төртінші тіні салынып, қазіргі таңда пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы екі жылда қалада жалпы ұзындығы 44 шақырым магистральды жылу құбырлары ауыстырылды. Қазір №4 және №5 шағын ауданда жылу желілері жаңартылып жатыр. Жоба құрылысы келесі жылдың жылыту маусымына дейін аяқталады. Бұл аудандарда автоматтандырылған жылу бекеті де салынып жатыр. Қуаттылығы 29 мегаваттық нысан энергокомбинаттан келетін жылудың тұрғын үйлерге бірдей әрі қалыпты берілуін реттеп тұрады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz