RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

13.11.2026, 07:40 49

Түркістан облысында жылыту маусымы басталғалы өрт қауіпсіздігін бұзудың 23 мың дерегі тіркелді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда олардың 15 мыңы реттелген.

Үкімет басшысы аймақта тілсіз жаудың алдын алу шараларын күшейтіп, әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға дабыл құралдарын тегін орнатуды тапсырды. Жылыту маусымы басталғалы Түркістан облысында әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға өртке қарсы мың жарым дабыл қаққыш орнатылған. Құтқарушылар осындай қондырғыны Несібелі Сапақованың үйіне тегін қойып берді. Жалғызілікті ана төрт бала тәрбиелеп отыр.

Несібелі Сапақова, қала тұрғыны:

- Исі түтін шығып жатқаннан кейін датчикті қойып жатырмыз. Бұл қауіпті болғандықтан өзімізге, бала-шағамызға керек. Осындай төтенше жағдайға істеп бергендеріңізге рақмет.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тек дабыл құралдарын орнатумен шектелмей, үйлерді жүйелі түрде аралап тұрады. Бүгінгі рейд кезінде олар Ақбота Орынбекованың шаңырағына соқты.

Ақбота Орынбекова, қала тұрғыны:

- Газ орната алмадық. Себебі отбасылық жағдайымызға байланысты үйімізде газбен жылыту жүйесі жоқ, сондықтан пеш пайдаланамыз. Қауіпсіздік басқармасының мамандары келіп, үйімізге дабылқаққыш орнатып, мұржамызды тазалап берді. Сол кісілерге үлкен рақмет айтамыз.

Түркістанда мыңға тарта отбасы әлеуметтік осал топ өкілдері ретінде есепте тұр. Олардың жүз шақтысы көмір жағады. Құтқарушылар осындай үйлерді ерекше назарға алған.

Еркебұлан Керімбек, қалалық ТЖБ бас инженері:

- Дәл қазір бізде басқарма тарапынан 99 тұрғын үйдің 50-ден жоғарысына осындай датчиктер орналастырдық. Датчиктерді қоюдан бөлек, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Құтқарушылар облыс бойынша 27 мыңнан аса отбасыны аралап шықты. Олардың көпшілігі көгілдір отын тұтынса, кейбірі әлі көмір жағып отыр. Соған сәйкес әрбір үйге арнайы дабыл қондырғылары орнатылады. Профилактикалық шараларға газ қауіпсіздігін қадағалаушы испекция мен атқарушы органдардың қызметкерлері де тартылды.

Әбдіислам Әбдіқадыров, ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

- Барлық аудандарда тұрақты негізде жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, бізде көбінесе Сарыағаш, Бәйдібек, Созақ аудандарында енді шалғай ауыл округі, елді мекендері бар. Оларға газ құбырлары кірілмеген елді мекендер бар. Соларға қатты отынмен, көмірмен жылытып жатқан пештерге датчиктерді қойып, алдын алу мақсатта сондай жүргізіліп жатыр.

Өткен жылыту маусымында Түркістан облысында 6 адам газдан уланып көз жұмды. Жыл басынан аймақта 364 өрт тұтанып, 7 адам қаза болды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Қуаныш Әбуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz