RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Ұлттық компаниялардағы жемқорлық: депутат қаржылық бақылауды күшейтуді ұсынды

13.11.2026, 09:40 30

Ірі ұлттық компаниялардың басшыларына қатысты тергеу қоғамда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы жауапкершілік пен қаржылық ашықтық мәселесін қайта көтерді. Құрылтай депутаты, заңгер Аят Сүгірбай мұндай жағдайлардан кейін ұлттық компаниялардың қаржысы мен шаруашылық қызметіне жан-жақты тексеру жүргізу қажет деп санайды. Оның айтуынша, лауазымы мен беделіне қарамастан, әр азамат заң алдында жауап беруі керек. Бұл туралы депутат 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Депутаттың пікірінше, ұлттық компаниялардағы заң бұзушылықтарға қатысты тергеу мен сот процесінің ашық өтуі қоғам сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Азаматтар заң мен тәртіп қағидатының іс жүзінде орындалып жатқанын көріп, білуі керек. Сонымен бірге тергеу барысындағы ақпарат заң аясында жарияланып, сот шешімі әділ қабылдануы қажет.

Қандай лауазым иесі болмасын,  дәулеті мен сәулеті асып тасып жатса да, билігі көп болса да, ол заң алдында жауап беру керек. Мінекей, сол кезде азаматтарымыз осы қағидаға сенімі молаяды деп есептейміз, – деді Аят Сүгірбай.

Оның айтуынша, жауапкершілік тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, ұлттық компаниялардың басшыларына да бірдей қойылуы тиіс. Өйткені мемлекеттік қазынаға қол сұғу – елдің ғана емес, болашақ ұрпақтың да несібесіне зиян келтіру.

Депутат ұлттық компаниялардағы жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін басшылықтың жеке жауапкершілігін арттырумен шектелмей, бүкіл басқару жүйесіндегі ашықтықты күшейту қажет екенін айтты. Сондай-ақ ірі ұйымдардағы күмәнді қаржы операциялары мен ықтимал сыбайлас байланыстарды тергеу барысында анықтау маңызды.

Аят Сүгірбай квазимемлекеттік сектордың қаржылық қызметін бақылау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, мұндай ұйымдардың өз бюджеті мен дербес шаруашылық қызметі болғандықтан, кей жағдайда мемлекеттік органдардың бақылауы жеткіліксіз болуы мүмкін.

Мемлекеттік органдар тексеретін мемлекеттік құзырлы органдар бар, ал енді мынау квазимемлекеттік секторға кішкене қолдары жетіңкірмеген кездер де болды. Сондықтан бұлардың қаржылық, басқа да шаруашылық жүргізу мәселелерін тексеріп, нақты нәтиже шығаратын кезең келді. Енді бұл да бір сондай түрткі болуы мүмкін, – деді депутат.

Сұхбат барысында ұлттық компаниялардың басшылары жоғары жалақы мен түрлі сыйақы алса да, жемқорлық тәуекелдерінің сақталуы мүмкін екені талқыланды. Депутат мұның бір себебі ретінде күмәнді қаржы схемалары мен ықтимал сыбайлас байланыстарды атады. Алайда нақты себептерді тергеу нәтижесі анықтауы керек екенін ескертті.

Оның пікірінше, жемқорлықпен күрес тек жекелеген адамдарды жауапқа тартумен шектелмеуі тиіс. Заңсыз әрекеттерге жол ашатын жүйелік себептерді анықтап, олардың тамырына балта шабу қажет. Бұл ретте қоғамның да талабы маңызды: азаматтар ашықтықты талап етіп қана қоймай, өздері де заң мен тәртіпті сақтауы керек.

Бұл – қоғамға берілген үлкен сигнал. Біріншіден, заң мен тәртіп қағидатының жүзеге асып жатқанын көрсетуіміз керек. Екіншіден, жемқорлықтың тамырына балта шабу қажет. Бұл жұмысты тек құқық қорғау органдарына жүктеп қоймай, қоғам болып қолдауымыз керек, – деді Аят Сүгірбай.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz