Қазақстан мен АҚШ мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, америкалық озық генетикалық технологияларды елге енгізуді қолға алуда, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің Айдахо және Монтана штаттарына жасаған жұмыс сапары барысында отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Жер көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұрған Қазақстан ет және сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруға зор әлеуетке ие.
Сапар нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен америкалық «Trans Ova Genetics, LC» компаниясы арасында маңызды меморандумға қол қойылды. Құжатқа сай, елімізде ірі қара мал эмбриондарын алу, сапасын бағалау, криоконсервациялау және трансплантациялау жұмыстарын жүргізетін арнайы эмбриологиялық зертхана құрылып, отандық мамандардың біліктілігі арттырылмақ. Бұдан бөлек, тараптар америкалық үлгідегі ашық баға белгілеу стандарттарына сәйкес мал аукциондарын өткізу бойынша қазақстандық кадрларды оқытуға келісті.
Елдегі мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында қазірдің өзінде ет өндірудің толық цикліне негізделген алты жоба жүзеге асырылуда және оңтүстік өңірде алғашқы мамандандырылған мал биржасының құрылысы басталуда. Сондай-ақ сүтті мал шаруашылығын өркендету бағытында соңғы жылдары 100-ден астам заманауи тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, жеңілдетілген несиелеу арқылы тағы 50 ферма салу жоспарлануда. Осы орайда америкалық компанияларға өндірістік кешендерді жабдықтау және құрастыру өндірісін Қазақстанда жергіліктендіріп, кейін Орталық Азия нарығына шығару мүмкіндігі ұсынылды. Алдағы уақытта бұл бастамаларды үйлестіру үшін мемлекеттік органдар, бизнес пен ғылыми ұйымдардың қатысуымен тұрақты жұмыс алаңы құрылады.
Тегтер #24жаңалықтар #АҚШ #мал шаруашылығын дамыту #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz