Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқаны. Дегенмен әзірге нақты іске қарағанда құрғақ сөз көп. «Цифрландыру ісі автоматтандырудан ары аса алмай отыр», - деді Мемлекет басшысы. Шын мәнінде цифрлық экономика дегеніміз не? Оның пайдасы қандай?
Сан саланың барлық бағытын цифрландырып қана қоймай, оған жасанды интеллектіні енгізіп, сол арқылы экономиканың жаңа әрі ашық моделіне көшкен жөн. Белгілі экономист Бауыржан Ысқақ «цифрлық экономикадан осындай пайда көруіміз керек» деп пайымдайды. Әлбетте бұл үрдіс ең алдымен мемлекетке тиімді. Себебі Үкіметтен бөлінген қаражаттың әрбір тиынына дейін бақылап отыруға болады.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Яғни қаражат мысалы, 1 млрд теңге бөлінді. Ол 1 млрд-қа нақты салынатын мектептің жобасы көрініп тұр. 1 млрдтың ішіндегі қаншасы шикізатқа кетіп жатыр, қаншасына кірпіш, қаншасына арматура, қаншасы жұмысшылардың қаражаты. Яғни осылардың барлығы да цифрлық технологиялардың мәліметтерімен көрініп отырады да, ең соңғы ақша бөлінген кезде сол салынған үй, салынған мектеп, салынған әлеуметтік нысан ол көрінеді. Яғни мемлекет сол 1 млрд теңгенің әрбір тиынын қадағалап, діттеген жеріне жетуге мүмкіндік алады.
Соңғы кезде жиі айтылып жүрген цифрлық теңге де – сол цифрлық экономиканың негізі. Бұл да ел қазынасының талан-таражға түспеуінің алдын алуға сеп болады. «Ел экономикасы түгелдей цифрлық форматқа көшсе, оның игілігін бизнес өкілдері де көреді», - дейді сарапшы. Себебі кәсіпке рұқсат алу, түрлі анықтама жинау, есеп беру секілді жұмыстардың бәрі әлдеқайда жеңілдейді. Тауарын сату да қиындық тудырмайды.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Цифрлық экономиканың ең үлкен пайдасы бұл – ауылдағы фермерлердің, ауылда ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген, етті бордақылап оны қалаға сатам деген азаматтарға үлкен мүмкіндік. Бір ғана мысал айтайын, Малайзия мемлекетінде ауыл шаруашылығына арналған арнайы мемлекет тарапынан құрылған платформа бар. Яғни мен ауылда отырып, қалаға ет әкелгім келетін болса, мен сол платформа арқылы ол жерге қандай ет керек, қанша мөлшерде керек, ол қандай дәрежеде болу керек деген сұрақтарға тез жауап ала алам. Екіншіден, мен соны тасымалдауды да делдалдар қызметіне жүгіне алмаймын. Өйткені платформасы логистикасы барлығы көрсетіліп тұрады. Мен ең соңғы тұтынушыға барғанға дейін бағаны қадағалай аламын.
Бұл алыпсатарлардан арылып, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға да сеп болмақ. Цифрлық экономиканың халыққа да пайдасы зор. Себебі барлық мемлекеттік органдар арасында ақпараттық интеграция орнатылып, тұрғындар әр мекеменің табалдырығын тоздырмайды. Бұл жұмыстың жемісі қазірдің өзінде көріне бастады. Мәселен, шекарадан өтетін кезде қазір бұрынғыдай соттылығы немесе борышы туралы түрлі анықтама жинаудың қажеті жоқ. Мамандар барлығын онлайн көріп отырады. Енді осындай жеңілдіктер жүк тасымалына да енгізіліп жатыр.
Ерлан Қылышбаев, ҚР Көлік министрлігі цифрландыру департаменті басшысының орынбасары:
- «Смарт-карго» деген бірыңғай терезе енгізілді. Яғни бұл терезе бизнес өкілдеріне жүк тасымалдауларына бір жерден қажет құжаттарды, қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Яғни осы «Смарт-каргода» тасымалдау паспорты енгізілді. Яғни ол паспорт бірыңғай QR-код және сол арқылы жүк тасымалдаушылар шекарадан тез өте алады.
Нәтижесінде жүктің шекарадан өтуі бірнеше есе жеделдетілген. Ал бұл – экономиканың жылдам еселенуіне мүмкіндік береді. Айта кету керек, Қазақстан қазір цифрлық қызметтер жөнінен әлемде үздік 10 елдің қатарында. Президент мұндай жетістікке тоқмейілсімей, жасанды интеллектімен жарақталған, халыққа, бизнеске және билік үшін тиімділігі зор цифрлық экономика құруды міндеттеп отыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Ерзат Зайтхан, Мадияр Қындыбаев
Тегтер #Жолдау2026 #цифрлық экономика #ЖИ #экономистPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz