RU
Толық нұсқаға өту

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту кімдерге тиімді?

13.11.2026, 13:10 24

Ел бойынша соңғы үш жылда 30 мыңнан астам азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен. Оның 21 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бір қызығы, мұндай курстарға көбіне 40-50 жастан асқан азаматтар қатысады. Қысқа мерзімді оқыту кімдерге тиімді? 

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Елордада жыл басынан бері 54 мың 692 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның басым бөлігі, яғни 49 мың 914 – тұрақты қызмет. Ал жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға 19 мың 80 адам қатысқан. Соның 8 мың 964 тұрақты жұмысқа орналасқан. Кәсіп бастауға ниетті 70 тұрғын мемлекеттік грант иеленсе, 1 мың 781 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алған. Сонымен қатар «Күміс жас» бағдарламасы арқылы 507 азамат жұмысқа тұрған.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа кәсіп меңгергендердің бірі – 54 жастағы Гүлмира Мұртазина. Астанаға көшіп келген соң мансап орталығына жүгініп, көптен бері ойында жүрген ісін қолға алған. Бұған дейін сауда саласында еңбек еткен. Ал шаштараз болу – бала күнгі арманы. Үш айлық курста оқып, шаш бояу тәсілдерін үйренген. Енді осы білімін жаңа кәсібіне арқау етпек.

Гүлмира Мұртазина, қала тұрғыны:

- Бұл мен үшін жай ғана мамандық емес, бала күнгі арманым еді. 80 жылдары мектеп қабырғасында сыныптас қыздарымның шашын өріп, түрлі үлгі жасап жүретінмін. Кейін тұрмыс қамымен арманым кейінге қалды. Астанаға көшіп келген соң сол қызығушылығым қайта оянды. «Мансап» орталығы ұсынған үш айлық курста колористиканы, кератинді, биозавивканы меңгердім.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысушылардың басым бөлігі – 40-50 жастан асқан азаматтар. Көбі бұрынғы мамандығы бойынша жұмыс таба алмағандықтан, жаңа кәсіпті меңгерген. Ал жастар үшін тәжірибе жинауға «Жастар практикасы» бағдарламасы көмектеседі. Биыл елордада 100 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілген. Оның 20-сы курсты аяқтап, жұмысқа орналасқан. Қалғандары әлі білім алып жатыр. Оқу мерзімі бір айдан үш айға дейін.

Қатысушыларға шәкіртақы төленеді. Ал жұмыс берушінің базасында білім алатындарға ай сайын 85 мың теңге жалақы қарастырылған. Олар оқу аяқталған соң сол кәсіпорында кемінде бір жыл еңбек етуге тиіс.

Бағила Орымбетова, Сарыарқа-Байқоңыр аудандары «Мансап» орталығының директоры:

- 12 000-нан астам бос жұмыс орындары бар, әртүрлі саладағы жұмыс орындары. Олар әр жұмыс беруші міндетті ережеде де, бізде жазылған. Жұмыс орны пайда болған жағдайда 5 күннің ішінде «Еңбек» порталына енгізу керек, иә, бос жұмыс орны бар деген сияқты. «Еңбек» порталына әр жұмыс беруші өзінің жеке кабинеті арқылы бере алады, болмаса бізге келіп, өтініш білдірсе де болады. Біз жәрдемдесеміз, қалай кіргізу керек екенін көрсетеміз. «Еңбек» порталымен жұмыс істейтін жұмыс берушілер болса, негізінен жұмыс берушілер міндетті. Бірақ біз жұмыссыздарды сол жұмыс берушіге жолдаудың алдында жұмыс берушімен хабарласамыз. Бірақ көбінесе жаңағы 40-тан асқан, 50-ден асқан азаматтар. Жастар көбінесе енді курсқа оқуға талпыныс жоқ, өйткені олар жаңадан өздері диплом алған, өздерінің мамандықтарымен жұмыс істегісі келеді.

Ал республика бойынша соңғы үш жылда 30 мың 387 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен. Оның 21 мың 781-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Білім беру ұйымдарында оқығандардың 80 пайызы, ал кәсіпорын базасында даярланғандардың 83,1 пайызы еңбекке араласқан. Бұл көрсеткіштер кәсіби қайта даярлаудың азаматтарды жұмыспен қамтудағы маңызын аңғартады.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz