RU
Толық нұсқаға өту

Депутаттар банк пен зейнеткер арасындағы дауды реттеді

13.11.2026, 13:40 22

«Банк баспанамды тартып алмақшы». Осылай деп шыр-пыр болған 66 жастағы зейнеткер Құрылтайдың қоғамдық қабылдауында болып, депутаттардан көмек сұрады. Денсаулығы сыр беріп, берешекке батқан кейуанаға халық қалаулылары қандай көмек көрсете алды? 

Файма Исина – 66 жаста. Ақмола облысы Төңкеріс ауылының тұрғыны. Үш қызын қияға қондырған кейуана қара шаңырақта жалғыз қалды. Екі жыл бұрын ескірген баспанасын жөндемек болып, банктен 4 млн теңге кредит алады. Қарыздан құтылу үшін зейнетақыға қарап отырмады. Әр жерде еңбек етіп, табыс тапты. Кенет денсаулығы сыр беріп, жұмыссыз қалады. Берешекке батқан соң банкке барып, ай сайынғы төлемді азайтуды сұраған.

Файма Исина, Ақмола облысының тұрғыны:
- Алайда банк өтінішімді қабылдамады. Зейнетақымды түгелдей ұстап, үйімді алып қоюы мүмкін екенін ескертті. Мен 16 жыл бұрын бұл баспананы өз күшіммен соқтым. Мен үшін өте ыстық. Кредитті төлей алмай жүрген күндері үйіме бөгде екі ер адам келіп, үйімді тартып аламыз деп қорқытқан кездер де болды. Қатты қорықтым. Мен несиені төлеуден бас тартпадым ғой. Тек денсаулығым нашарлап, жұмыссыз қалуыма байланысты жеңілдік сұрадым. Алатын зейнетақым – 137 мың теңге. Ал төлеуім тиіс кредит көлемі 162 мың теңге.

Бұйығы күй кешкен кейуана кімнен көмек сұрарын білмей, соңында Құрылтай депутаттарына қайырылады. Қоғамдық қабылдауда болып, мәселенің мән-жайын баяндайды. Зейнеткер мен банк арасында түсініспеушілік туындағанын түсінген депутат қос тарап арасында келіссөз жүргізуге кіріскен. Нәтижесінде несие бойынша есептелген пайыздар мен өсімпұлдар жойылады. Ай сайынғы төлем мөлшері азайып, зейнетақының жартысына ғана жуықтаған.

Алмат Әбдікешов, Құрылтай депутаты
- Егер ол залогта болмаған сондай үй болса, енді ипотека бұл жерде жоқ. Бұл кісінің өзінің үйі, бұл жерде оның жалғыз үйінен айыра алмайды. Просрочкасы шамалы болғаннан кейін, рефинансированиеге дайын болғаннан кейін, сол банкпен жүздесіп, зейнеткер болғаннан кейін, ол жерде алынатын максимальный мөлшерлер бар деген сияқты, сол мөлшердің төңірегінде рефинансирование-ға келісті.

Қоғамдық қабылдау – бұқара мен биліктің байланысын нығайтуға арналған алаң. Оған елдің кез келген азаматы жазыла алады. Қыркүйек-қазан айларында Құрылтай депутаттары 400-ден астам азаматты қабылдаған. Олардың басым бөлігі баспана, жұмысқа орналасу және әлеуметтік көмек алу мәселесі бойынша көмек сұраған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz