Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтар бос жұмыс орындарын қарау, кәсіптік білім алу, біліктілігін растау және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану үшін бірқатар цифрлық сервистерге жүгіне алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство мәліметінше, жұмыс іздеу, кәсіби даму, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары Enbek цифрлық экожүйесіне біріктірілген. Бұл жүйе арқылы жеке кәсіп ашу және басқа өңірлерге қоныс аудару мүмкіндіктері де қарастырылған. Қажетті қызметтерді онлайн алуға немесе тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуге болады.
Жұмысты қалай іздеуге болады?
Enbek.kz электрондық еңбек биржасы мен мобильді қосымша арқылы азаматтар жеке кабинетін ашып, түйіндемесін орналастыра алады. Сондай-ақ өзіне қолайлы бос жұмыс орындарын таңдап, жұмыс берушілерге өтінім жібереді. Платформаларда жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, кейін жұмыссыз мәртебесін проактивті түрде алуға болады. Заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға да өтінім беруге мүмкіндік бар.
Жасанды интеллект жұмыс іздеуге көмектеседі
Enbek.kz платформасы негізінде енгізіліп жатқан Цифрлық жұмыспен қамту қызметі азаматтарға қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Азаматтың келісімімен мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде оның білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары қамтылған цифрлық түйіндемесі автоматты түрде қалыптастырылады.
Жасанды интеллект жұмыс іздеушінің біліктілігі мен қалауын ескеріп, сәйкес бос жұмыс орындарын іріктейді. Диалог форматында жұмыс істейтін көмекші арқылы үйге жақын жердегі жұмыс орындарын іздеуге, басқа өңірлердегі ұсыныстарды қарауға, қалаған жалақы мөлшерін көрсетуге және оқу мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға болады.
Кәсіби білім алуға да мүмкіндік бар
Біліктілігін арттырғысы немесе жаңа дағдыларды меңгергісі келетін азаматтар Skills Enbek платформасында тегін онлайн курстардан өте алады. Ал жұмыссыз ретінде тіркелгендер білім беру ұйымдарында немесе тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіледі.
Кәсіби дағдыларын ресми түрде растағысы келетін азаматтар Career Enbek платформасы арқылы кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өтуге арналған ваучер алуға өтінім бере алады. Ол үшін белгіленген талаптарға сәйкес келу қажет.
Кәсіп ашуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі
Кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлаған азаматтар Business Enbek платформасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексере алады. Сонымен қатар белгіленген талаптарға сай келген жағдайда, мемлекеттік грант алуға өтінім беруге мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға арналған микрокредит пен лизинг рәсімдеуге өтінім қабылданады. Қазір бұл сервис Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.
Басқа өңірге қоныс аудару мүмкіндігі
Өз өңірінде лайықты жұмыс таба алмаған азаматтар еліміздің басқа аймақтарындағы бос жұмыс орындарын қарастыра алады. Сондай-ақ еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударып, мемлекет ұсынатын қолдау шараларын пайдалануға болады. Migration Enbek платформасы арқылы қоныс аудару мәселелері бойынша кеңес алу үшін мансап орталығына өтінім жолдауға мүмкіндік бар.
Мансап орталықтары қандай көмек көрсетеді?
Өз бетінше жұмыс таба алмаған азаматтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіне алады. Мамандар жұмыс іздеуші ретінде тіркелуге көмектесіп, жұмыссыз мәртебесін алу тәртібін түсіндіреді. Сонымен қатар лайықты бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыспен қамту шаралары туралы ақпарат береді және жұмыс берушімен сұхбаттасуға дайындалуға жәрдемдеседі.
Министрліктің мәліметінше, Цифрлық жұмыспен қамту қызметі аясында жұмыс іздеушіге жеке маман бекітіледі. Ол азаматты жұмыс іздеудің әр кезеңінде сүйемелдеп, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға және алдағы қадамдарды айқындауға көмектеседі.
Жұмысқа орналасуға жәрдем алудың алғашқы қадамы — Enbek.kz платформасында тіркелу немесе мансап орталығына бару. Азаматтар өз қажеттілігіне қарай жұмыс іздеу, жаңа мамандық меңгеру, біліктілігін растау, басқа өңірге қоныс аудару немесе жеке кәсібін бастау мүмкіндіктерін пайдалана алады.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #жұмыс беруші #EnbekPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz