RU
Толық нұсқаға өту

Сарыкөлде құрылыс қарқын алды

13.11.2026, 21:10 27

Қостанай облысында «Халықтық құрылыс» басталып кетті. Сарыкөл ауылында қос қабатты 2 және 7 жер үй салынып жатыр. Жыл аяғына дейін 46 пәтер тұрғындарға тапсырылады, деп хабарлайды 24KZ.

«Кезекте тұрғандардың көбі әлеуметтік осал топқа жатады», – дейді жауаптылар.

Бюджет қаржысынан тыс, жеке кәсіпкерлер де жұмысшыларына жаңа үйлер салып, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға мүдделі. Сарыкөл ауданының Сорочин ауылында биыл қос пәтерлі екі үй салынды. Оның біріне жергілікті серіктестікте 7 жылдан артық жұмыс істеп жүрген Дәурен Сапаров қоныстанды.

Дәурен Сапаров, «Агро-ПАРАСАТ» ЖШС қызметкері:

– Үй салып берді. Шақырып алып: «Мұнда көшіңіз», – деді. Үй жылы. Міне, екі пәтерлі үй, газоблоктан салынған. Енді абаттандыру жұмыстарының бәрі жасалған. Осы газды да қосып алсақ, қалаға не үшін барамын?

Серіктестік басшысының мақсаты – жұмысшыларды сақтап қалу, жас мамандарды тарту. Сол үшін де ауылға су тартып, жол салып, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады.

Сергей Серветник, «Агро-ПАРАСАТ» ЖШС бас экономисі:

– Біз серіктестікте бес жыл жұмыс істеген адамдарға жаңа үй береміз. Әрине, оның кәсіби біліктілігі, өз ісіне деген жауапкершілігі ескеріледі. Одан кейін тағы бес жыл жұмыс істесе, үй тегін сол кісінің жеке меншігіне аударылады.

Сарыкөл ауылы тұрғындарының айтуынша, 30 жылға жуық жаңа үйлер салынбаған. Биыл бүтін ауыл құрылыс алаңына айналғандай. Жер үйлерді айтпағанда, әр қайсысы 16 пәтерлі 2 екі қабатты үй салынып жатыр. «Бұлар әлеуметтік баспана саналғанымен, сапа жағынан комфорт санатындағы үйлерден кем соқпайды», – дейді құрылыс компаниясының өкілі.

Бексұлтан Талиев, «Тілеу 2018» ЖШС құрылыс компаниясының директоры:

– Мынау – асүйіміз. Ал мынау – зал, екі жатын бөлме бар. Төбесі керме төбе болады. Еденге бетон төсемі құйылған, оның үстіне линолеум төсеп береміз. Бағдарлама аясында үйлер эконом санатында салынып жатыр. Бірақ жайлылық санатына өтуі мүмкін. Сапасы жақсы. Өте жақсы, жылы үй болады деп ойлаймын.

Қазіргі кезде Сарыкөл ауданында 239 адам баспана кезегінде тұр. Солардың биыл кем дегенде 25 проценті қоныс тойын тойлайды.

Александр Саенко, ТҮКШ Құрылыс және сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін биыл Сарыкөл ауданына облыстық бюджеттен 551 млн теңге бөлінді. Одан кейін қосымша тағы 180 млн теңге берілді. Осы қаржыға 7 екі пәтерлі жер үй, сосын екі қабатты екі үй салынып жатыр. Олардың барлығы жаңа жылға дейін тапсырылады.

Облыс бойынша биыл бюджет есебінен әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар үшін 1200-ден астам пәтер сатып алынды. Соның жартысы ауылды жерлерде. Бұл мақсатқа 24 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz