RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда студенттерге арналған цифрлық кампус іске қосылды

13.11.2026, 21:40 16

Алматыда елдегі алғашқы цифрлық кампус іске қосылды. Жоба авторларының айтуынша, бұл қосымша – онлайн және офлайн білім алуға арналған платформа, деп хабарлайды 24KZ.

Мұнда студенттерге тапсырмалар беріліп, бағалар қойылады, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Тіпті жас мамандарға жұмыс табуға да көмектеседі.

Цифрлық кампустың авторы жас кәсіпкер – Диана Камаладин. Онлайн-платформада студенттерге оқу материалдары қол жетімді. Үй тапсырмаларын орындайды, оларды тексеруге жіберіп, бағаларын көре алады. Цифрлық маркетинг немесе IT саласының маманы болу үшін бір академиялық жыл жеткілікті. Оқу аяқталған соң түлектерге бағдарламаны тәмамдағаны туралы құжат және кәсіби құзыреттерін көрсететін цифрлық профиль беріледі.

Диана Камаладин, «Цифрлық кампус» жобасының авторы:

– Қазір студенттер бұрынғыдай аудиторияда партада отырып, көп уақыт өткізбейді. Сондықтан цифрлық кампус – студенттің қысқа мерзім ішінде жаңа мамандықты басынан аяғына дейін меңгеруіне мүмкіндік беретін қосымша. Сонымен қатар бұл бағдарлама ауылдағы жастарға Алматыға келмей-ақ, кез келген жерде білім алуға жағдай жасайды. Цифрлық кампус арқылы студенттер тағылымдамадан өтіп, кейін жұмысқа орналаса алады.

Қосымшада әр студент өзінің кәсіби профилін, яғни электронды портфолиосын жасайды. Онда білімі, оқыған курстары, сертификаттары мен жетістіктері туралы мәліметтер жинақталады. Жұмыс берушілер бұл ақпаратты қызметкерлерді іріктеу кезінде пайдалана алады. Ал компаниялар платформаға бос жұмыс орындары туралы хабарландырулар орналастырады. Оқу барысын қызықты ету үшін кампусқа ойын элементтері енгізілген. Тапсырмаларды орындап, белсенділік танытқан студенттер Qcoins деп аталатын ішкі валюта жинайды. Кейін оны кампус дүкеніндегі тауарларға айырбастауға болады.

Әділет Азаматұлы, студент:

– Үйге келген кезде бүкіл материалды қарай аламын. Үй жұмысына не берді, сабақта өткен заттарды көре аламын. Көбінесе ойлаймыз маркетинг ол – визуал. Бірақ маркетинг ол – тек қана визуал емес, ол – сандар. Сандар арқылы біз қай жерде клиент көбірек келеді, қай жерде дұрыс емес екенін түсінеміз.

Айта кетейік, цифрлық кампустағы білім сапасы халықаралық деңгейде расталған. Оны Орталық Азия білім беруді аккредиттеу қауымдастығы мақұлдаған. Қазір мұнда 600-ге жуық адам білім алып жатыр.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz