Өзбекстан астанасында қазақ киносы күндері өтіп жатыр. Мәдени іс-шара екі ел арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, кино саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған, деп хабарлайды 24KZ.
Көрермен назарына «Жабайы», «Ерекше», «Қайтадан», «Алтын адам», «Менің үлкен қазақ отбасым» және «Әміре» фильмдері ұсынылады. Ашылу салтанатында қазақстан киносының бүгінгі тынысы мен фильм түсіру тәжірибесі таныстырылды. Іс-шара Қазақ-өзбек елдері арасында мәдени байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға жол ашады. Жиын аясында кино саласы мамандарының алдағы шығармашылық серіктестігінің мүмкіндіктері талқыланды.
Айдар Омаров, «Қазақфильм» киностудиясы президентінің міндетін атқарушы:
– Бұл жолы көрерменге мазмұны мен жанры сан алуан, әр кезеңді қамтитын фильмдерді ұсынамыз. Олардың арасында тарихи туындылар да, бүгінгі заман тақырыбын арқау еткен фильмдер де бар. Бұған қоса, кино күндері аясында «Алтын Адам» анимациялық фильмі көрсетіледі. Қазақстан мен Өзбекстанның кино саласындағы байланысы одан әрі нығая түседі деп сенеміз.
Матякуб Матчанов, Өзбекстан кинематографистер одағының төрағасы:
– Қазақ киносына Өзбекстанда ықылас жоғары. Өйткені елімізде кино өнері жақсы дамып келеді. Біз қазақстандық әріптестеріміздің туындыларымен танысуға қуаныштымыз. Мұндай іс-шаралар пікір алмасып, серіктестікті дамытып, болашақта бірлескен жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді.
Тегтер #24KZ #Өзбекстан #қазақ кино апталығы #ҚазақфильмPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz