RU
Толық нұсқаға өту

«Ұлытау-Арқалық» жолы жөнделді

14.11.2026, 09:15 27

«Жезқазған-Петропавл» жолының Ұлытау облысы аумағындағы бөлігін орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Республикалық маңыздағы күре жолдың Ұлытау ауылы мен Қостанай облысы шекарасына дейінгі 109 шақырымы жаңғыртылды. Асфальт төселіп, жол бойындағы жиырмаға жуық суағар құбыр мен екі көпір жөнделді, деп хабарлайды 24KZ.

Жезқазған-Петропавл жолының Ұлытау облысына қарасты бөлігі 1969 жылы төселген. Оңтүстік пен солтүстік өңірлерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі бұған дейін жөндеу көрмеген. Күрежолдың бойында орналасқан елдімекен тұрғындары үшін қатынас қиындады. Әсіресе жауын-шашынды күндері жол талғамайтын көліктің өзі жүре алмай қалатын.

Жаңаберген Боранбеков, Терісаққан ауылының тұрғыны:

– Ұмытылатын шығар енді ол қиыншылығымыз. Кезінде қиыншылық көрдік. Жетілеп, сөткелеп жүретін уақытымыз болды, далада түнейтін уақытымыз да болған. Енді ол артта қалды деп ойлаймыз. Осыған көп-көп рақмет.

Жөндеу жұмыстары екі жылға созылды. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен шамамен 13 млрд теңге жұмсалды. 109 шақырым жолға асфальт жамылғысы төселіп, 17 суағар құбыр мен 2 көпір жаңартылды. «Жөндеу кезінде жұмыстың сапасын бақылап отырдық», – дейді мамандар.

Мерей Шахарбаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры:

– «ҚАЖсервис» мекемесі бар. Жолды күтіп ұстау солардың міндетінде. Бірақ мердігер компаниялардың бұл жолға бес жылдық кепілдігі бар. Зауыттары осында орналасқан. Жолдың бүлінген жерлерін уақытында жөндеп отырады. Тек ауыр жүк көліктерінің жолға шықпауын қадағаласақ, бұл жол көп жыл ел игілігіне қызмет ететін болады.

Жезқазған-Петропавл жолының 252 шақырымы Ұлытау облысы арқылы өтеді. Биыл 109 шақырымы жаңарса, қалған бөлігі алдағы жылдары жөндеу жоспарда. Жалпы өңірде жолдардың сапасын жақсарту мақсатында үшжылдық бағдарлама жасалған. Оған сәйкес 2029 жылға дейін аймақтағы көлік жолдарының қанағаттанарлық деңгейін 90 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Жомарт Бегаев, облыстық Автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы:

– Республикалық жолдар қазіргі таңда 100 пайыз қара асфальт жамылғысымен жабылған. Облыстық жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 2025 жылы 60 пайызды құраған. Биыл жолдардың сапасын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткішті 63 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Өңірде жол құрылысына қатысты бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін Қызылорда-Жезқазған трассасының облысқа қарасты бөлігін жаңғырту аяқталады. Ал Қарағандымен жалғайтын жаңа жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz