Жоба авторлары бұл құрылғысын ORKEN деп атаған. Құрылғы церебралды сал ауруына шалдыққан балалар мен жүру қабілеті бұзылған адамдардың қозғалысын қолдауға арналған, деп хабарлайды 24KZ.
Экзоскелет жасау идеясы Шейхислам Нұрмұхамедтің атасы ауыр науқастанып, өздігінен жүріп-тұра алмай қалған кезде пайда болған. Атасының жағдайына бейжай қарай алмаған оқушы, сыныптасы Нұрсұлтан Серікпен бірге мәселенің шешімін іздеуге кіріскен. Сөйтіп мектеп зертханасында ORKEN құрылғысының алғашқы үлгісін әзірледі. Жұмсақ материалдардан жасалған бұл құрылғы аяққа киіліп, тізе мен табанның қозғалысын қолдайды. Арнайы датчиктер аяқтың қимылын бақылап, моторлар оның қозғалуына көмектеседі.
Шейхислам Нұрмұхамед, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
– Бізде алғашқы прототип болды. Онда көптеген пластмасса бөлшектері мен басқа да моторларды қолданғанбыз. Алайда құрылғының өзі үлкен болғандықтан, аяқтың қозғалысын қатты шектеді. Сол себепті жұмсақ материалдарға көштік. Қазір 12 вольттық редуктор мен моторды қолданып жатырмыз. Көлемі шағын болғанымен, ол аяққа үлкен күш түсіре алады. Сондықтан адамның қозғалуына жақсы көмектеседі.
Максим Рыбалкин, жоба жетекшісі:
– Бұл жерде тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бұлшықетті тым қатты тартып жіберуге де болмайды. Ал жеткілікті деңгейде тартпасаң, оның ешқандай пайдасы болмайды. Сондықтан осы датчиктердің көмегімен қажетті деңгейді анықтай аламыз.
Оқушылар экзоскелетті оңалту орталығында сынақтан өткізіп жатыр. Жобаға 18 жылдық тәжірибесі бар реабилитолог Ақмарал Әбдірімова кеңес беруде. Маманның сөзінше, церебралды сал ауруының 300-ден аса түрі бар. Оның 120-сы кең таралған. Сондықтан мұндай құрылғылар балаларға да, ересектерге де оңалту кезінде көмектесе алады.
Ақмарал Әбдірімова, реабилитолог:
– Бұндай аппараттар балалардың жүгіруіне, жүруіне, қимыл-қозғалысын белсенді арттыруына көмектессе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл құрылғылар балаларға күнделікті қажет. Алайда бағасы өте қымбат. Тіпті қарапайым аяқ киімдерінің өзі 60-70 мың теңге тұрады. Егер мұндай аппараттардың бағасы қолжетімді болса, балаларымыздың өмір сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізер еді.
Қазір оқушылар құрылғыны сынақтан өткізіп, техникалық мүмкіндіктерін жетілдіріп жатыр. Алдағы уақытта өнертабыстарын патенттеп, инвестор табуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан.
Тегтер #Тараз #оқушылар #мүгедек жандарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz