Алматыдағы Ұлттық кітапхана енді түн ортасына дейін жұмыс істейді. Оқырман белсенділігінің артуына байланысты осындай шешім қабылданды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесуде айтты. Басқосуда Президент Жолдауы, әдебиетті қолдау және оқитын ұлт қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды 24KZ.
Жиында Арман Қырықбаев Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерге тоқталды. Оларды іске асыруда цифрландыру мен жастардың белсенді қатысуының маңызын атап өтті. «Цифрландыру мен жасанды интеллект шығармашылыққа тың мүмкіндіктер ашып, мәдени мұраны көпшілікке қолжетімді ете түседі», – деді министр. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жас авторлар, өнер қайраткерлері мен креативті индустрия өкілдері сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салды.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Біздің Мемлекет басшысының айтпағы, машиналар бізді ауыстыратын емес. Керісінше сол, ауыстырмақшы машиналарды жасайтын, соны басқаратын, соның иесі болатын ел болайық деген әңгіме.
Назерке Күзен, KazNARU студенттік омбудсмені:
– Болашақта еңбекқор, білімді, саналы жастар болсын деген сеніммен бізге үлкен үміт артып отыр. Соның бірі – жасанды интеллектке көңіл бөлу. Бұл керемет Жолдауды алдағы уақытта Қазақстан халқы болып бірге іске асырамыз деген үміттемін.
Зерделі ұлт қалыптастыру – кітапқа құрметтен, оқуға деген құштарлықтан басталады. Мемлекет басшысының осы бастамасын жүзеге асыруға айрықша мән беріліп отыр. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 млн-нан астам адам тіркелген. Олар 842 мыңнан астам кітап оқып, алған әсерлері мен ойларын 50 мыңнан астам бейнепікір арқылы бөліскен.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Біздің еліміздің, халқымыздың мәртебесі әрдайым биікте тұруы керек. Неге десеңіздер, біз қашаннан да оқуға, білімге, ғылымға құштар елміз. Цифрлық кітапхана ресурстарына деген сұраныс та артып келеді. Тоғыз айда Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасын пайдаланушылар саны 18 пайызға өсіп, 367 мың адамға жеткен.
Алматыдағы Ұлттық кітапхана енді түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Кітапхананың жұмыс кестесі оқырмандар сұранысына сай ұзартылды. Биыл мамыр-қараша айлары аралығында мұнда 26 мыңнан астам оқырман тіркелген. Жаңа жұмыс кестесі кешкі уақытта да кітапхана қорын пайдалануға мүмкіндік береді.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев
Тегтер #Алматы #Ұлттық кітапхана #жұмыс уақыты
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz