RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: ауыл мұғалімі ерекше балаларға арналған тренажер жасады

14.11.2026, 15:12 35

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мұғалімі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған интерактивті тренажер жасады. Құрылғы тапсырмаларды көру, есту және сипап сезу арқылы орындауға көмектеседі. Автордың айтуынша, елде әзірге баламасы жоқ. Президент Жолдауында инклюзивті білім беруді дамыту мәселесіне ерекше тоқталған болатын, деп хабарлайды 24KZ.

Берік Аманжол ауыл мектебінде математика пәнін оқытады. Бұған дейін зауытта инженер болып жұмыс істеген. Сол кездегі тәжірибесін пайдаланып, ерекше балаларға арналған жаңа құрал ойлап тапты. Өнертапқыш мұғалім кез келген баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек дейді.

Берік Аманжол, Смирново №1 орта мектебінің мұғалімі:

– Оқыту қарапайым мысалдардан басталады. Кейін арифметикалық таңбалар мен амалдарға көшеді. Қосу, азайтуға арналған ойындар да бар. Біз әр баланың қажеттілігін ескеруге тырыстық. Тапсырмалар қолмен ұстап, сипап сезуге негізделген. Бұл тәсіл баланың миының дамуына ықпал етеді.

Ақылды жүйедегі тапсырмалар бірнеше деңгейге бөлінген. Оқушы өз қабілетіне қарай есептерді шығарады. Ал виртуалды робот тапсырманы дауыстап оқып, түсіндіреді. Дұрыс жауап берсе баланы мақтап, қолдау көрсетеді. Мамандардың пікірінше, бұл тәсіл оқушының өзіне деген сенімін арттырады.

Вероника Киво, түзету орталығының жетекшісі:

– Құрылғы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған. Оны әзірлеу кезінде авторға өз ұсыныстарымды айтып, тәжірибеммен бөлістім. Мұндай балаларға арнайы әдіс-тәсілдер қажет. Мысалы, геометриялық фигуралар көлемді болғаны дұрыс. Бала оны көріп қана қоймай, қолымен ұстап сезінуі керек. Өйткені кейбір балалар ақпаратты көзбен ғана толық қабылдай алмайды.

Смирново орта мектебінде ерекше білім беруді қажет ететін жиырмадан астам бала оқиды. Жаңа тренажер сынақтан сәтті өткен. Мұғалімнің айтуынша, құрылғыны қолданғаннан кейін оқушылардың сабаққа деген ынтасы төрттен сегіз балға дейін артқан. Енді авторлар оны патенттеп, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Аслан Тілеубергенов, мектеп директоры:

– Мемлекет басшысы Жолдауында инклюзивті білім беруге ерекше назар аударды. Біз де бұл бастаманы қолдаймыз. Тренажердің кемінде он данасын жасап шығарсақ дейміз. Қазір авторға патент алу үшін демеуші іздестіріп жатырмыз. Алдағы уақытта оны еліміздің басқа мектептеріне де ұсыну жоспарда бар.

Берік Аманжол бұған дейін цифрлық технологиямен жабдықталған домбыра жасаған. Қазір волейболды жаңадан үйренушілерге арналған жаттықтырғыш әзірлеп жатыр. Осылайша, ауыл мұғалімі жаңа технологияларды білім, ұлттық өнер және спорт саласында тиімді қолданып келеді.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz