Бүгін Астанада елдің барлық өңірінен келген оқушылар мақал-мәтел айтудан бақ сынады. «Мың мақал – мың бала» фестиваліне қатысуға 500-ге жуық бала өтініш білдірді. Жүзден астамы финалдық кезеңге жолдама алып, елордада өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін қатысушылар мақал-мәтел жаттауға арналған 40 сабақтан өткен. Жарыстың мақсаты – жас ұрпақтың ана тіліне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мұраны насихаттау. Шара «Келешек кемеңгер» республикалық медиа жобасы аясында ұйымдастырылды. Қазылар алқасының құрамында танымал актер Дәурен Серғазин де болды. Фестивальге келген балалар мен көрермендер өнер иесімен жүздесіп, естелік суретке түсті.
Мейіржан Әлібек, «1000 мақал – 1000 бала» фестивалінің жетекшісі:
- Мақал – бұл тек тілді дамытатын нәрсе емес қой, ойды дамытатын дүние. Мысалы, әр мақалдың астарында үлкен, терең мағына жатыр. Ол жай ғана ұйқасып келетін екі жол емес. Бұл – бабаларымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ақылы. Негізінде, неге біз балалардың басқа тілде көбірек сөйлейтінін көреміз? Өйткені басқа тілдегі контенттер өте мықты. Солардың орнын басу үшін осы жоба жасалып жатыр.
Ділназ Оразалы, «1000 мақал – 1000 бала» фестиваліне қатысушы:
- Мен өзім мақал білу үшін және де ата-анамның үмітін ақтау үшін келдім. Дайындығым жақсы, бір айдай кетті. Мен үлкен нәтиже күтемін. Мен 70 және одан да көп мақал білемін. Маған мақал-мәтелдердің мағынасы ұнайды. Мағынасы үлкен екен.
Тегтер #Астана #мақал мәтел #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz