Қарағандыдағы Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің өз пицца-мейкерлері бар, деп хабарлайды 24KZ.
Екі ай бұрын әскер қатарына алынған астаналық Сұлтан Бажанов пен Петропавлдан келген Диас Жалмахин көпшілік сүйсініп жейтін тағамды дәмді дайындайды. Сарбаздар әскери борышын өтеумен қатар өздеріне ұнайтын іске де уақыт тауып жүр.
Сұлтан мен Диастың әскерге келгеніне көп болмаса да, ортақ қызығушылық тауып, бір командаға айналып үлгерді. Екеуі де бұрын танымал пиццерия желілерінде жұмыс істеген. Сондықтан бұл тағамды дайындаудың қыр-сырын жақсы біледі. Енді сол тәжірибелері әскери қызметте де пайдаға асып отыр.
Диас Жалмахин, 6505 әскери бөлімінің сарбазы:
– Астана қаласында «До-до пицца» деген жерде төрт жылдай жұмыс істедім. Оқумен бірге араластырып жүрдім. Өзіме тамақ істеген ұнайды. Тамақ істеген кезде өзіңді еркін сезінесің. Ортақ ісіміз болған соң солай танысып кеттік. Оның да пицца жасайтынын білген кезде менің да шабытым ояна бастады.
Осылайша, ортақ іс оларды ажырамас достарға айналдырған. Сұлтан мен Диас дайындаған пиццаны әскери бөлім сарбаздары сүйсініп жейді. Бұл дәм оларға қуаныш сыйлап, достық атмосферасын одан әрі нығайта түскен.
Ибраһим Сапарбаев, 6505 әскери бөлімінің сарбазы:
– Жақсы араласып жүрген балалардың қатарынан сол екі бауырымды айта аламын. Қолдарынан келмейтіні жоқ. Әсіресе осы пиццаны жақсы дайындайды. Біз таңғалдық. Кәдімгідей істегендерінің өзі бөлек болды.
Биыл 6505 әскери бөліміне 400-ден астам сарбаз келген. Жақында олар жауынгерлік ант берді. «Олардың арасында өнерлі жігіттер өте көп, ерекше толқын», – дейді офицерлер. Әр сарбаздың осындай бастамасын қолдау – жеке құраммен жүргізілетін жұмыстың бір бөлігі.
Мәулен Сейітхан, 6505 әскери бөлімінің взвод командирі:
– Осы екі сарбаз Жалмахин Диас пен Сұлтан Бажановтың взвод командирі боламын. 40 күн оқу пунктінде бұлар өздері оқыды, жаттықты. Соның арқасында бұлар өздерін жақсы жағынан көрсетті. Қойып отырған тапсырмаларды өте жақсы деңгейде орындады. Өздерін басқа да жақсы қырларынан танытты.
Офицерлердің айтуынша, әскер – жауынгерлік даярлық пен тәртіпті қалыптастырудан бөлек, әркімнің өз қабілетін ашып, тәжірибе алмасатын орта. Сұлтан мен Диас – сол үдеден шығып, көпке үлгі болып жүрген сарбаздар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев
Тегтер #24KZ #Қарағанды облысы #әскери бөлім #сарбаздар #пиццаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz