2028-2029 жылдарға қарай елдегі инфляция 9-дан 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Ұлттық банктің жоспары осындай. Қазірдің өзінде теңге нығайып жатыр. Америкалық долларға шаққанда 446 теңге, деп хабарлайды 24KZ.
«Осыған байланысты төл валютамыздың құндылығын одан ары арттыру үшін базалық мөлшерлемені төмендету әзірге қажет емес», – дейді экономистер.
Жылдық инфляция 13 ай қатарынан төмендеп келеді. Ұлттық банк келер жылы баға өсімі баяулап, 6,5-8,5% деңгейінде болады деп болжайды. Төмен әрі тұрақты инфляция кәсіпорындар мен инвесторларға өз қызметін ұзақ мерзімге жоспарлауға, инвестициялық шешімдерді сенімді қабылдауға мүмкіндік береді.
Жанат Нұрғалиев, экономист:
– Егер базалық мөлшерлеме төмендесе, экономикадағы ақша көлемі артуы мүмкін. Ал айналымдағы қаражаттың көбеюі инфляцияның өсуіне әсер етеді. Қазіргі уақытта ақша-несие саясаты сұранысты реттеуге бағытталған. Қазақстан экономикасының басым бөлігі шикізат секторына тәуелді. Сондықтан ұлттық валюта бағамының өзгеруі бюджет кірісіне де ықпал етеді. Мәселен, доллар бағамы көтерілсе, бюджетке түсетін түсім көлемі артуы мүмкін. Өйткені шикізат өнімдерінің басым бөлігі шетелге доллармен сатылады.
Шикізаттық емес сектордың да әлеуеті зор. Қаңтар-қазан айлары аралығында ел экономикасы 4,5 пайызға өсті. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, мұнай өндірудің төмендеуіне қарамастан, бұл сала экономикалық өсімге серпін беріп отыр.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
– Экономика өсімінің негізгі драйвері – шикізаттық емес сектор. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында жоғары өсім байқалады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де оң динамика сақталып отыр.
Әлемдегі үш ірі халықаралық рейтинг агенттігі – S&P, Moody's және Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингінің инвестициялық деңгейін растап отыр. Десек те Қазақстанның экономикасы сыртқы факторларға тәуелді. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, геосаяси белгісіздік, сауда шектеулері және әлемдік шикізат бағасының құбылуы елдің экспорттық кірісіне және ішкі инфляцияға әсер етеді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Бағдат Қайыркен
Тегтер #Ұлттық банк #теңге #инфляция #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz