Риддерде шаңғы-роллер трассасы салынады. Ені 12 метр, ұзындығы 5 шақырым болатын арнайы жолда жыл он екі ай жаттығуға болады. Шағын қалада халықаралық стандартқа сай жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Шаңғышылар мен биатлоншылар асыға күтіп жүрген құрылыс қашан басталады? Эльмира Ахметова біліп қайтты, деп хабарлайды 24KZ.
Риддерге қар ерте жауады. Шаңғышылар да бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады. Қалада қысқы спорт түрінен Олимпиада резервінің мектеп-интернаты бар. Онда еліміздің әр түкпірінен спортқұмар жеткіншектер жиналған. Ырысбай Балтабаев пен Аида Амангелдіқызы Ақтөбеден келіп шаңғы спортымен шұғылданып жүр. Ырысбай жасөспірімдер арасында еліміздің 13 дүркін чемпионы. Айтуынша, батыстан шығысқа келуінің өз себебі бар.
Ырысбай Балтабаев, Олимпиада резерві мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:
– Риддерде мысалы, қазан айынан бастап қар ерте жауады. Ақтөбеде мұндай кезде әлі қар жоқ. Біз мұнда алғашқы қарды ертерек сезініп, шаңғыға ерте тұрып, өзімізді жаттықтырып, үлкен белестерге қадам басамыз.
Жас спортшылардың сөзінше, арнайы трасса салынбаса, кәсіби түрде жаттығу қиын. Себебі ескі жол талапқа сай келмейді.
Аида Амангелдіқызы, Олимпиада резерві мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:
– Үлкен жетістіктерге жету үшін сен дайындалып жатқан орының маңызды және беріліп жатқан тренировка процесі маңызды және трасса жабдықтары қажет.
Көпшілік күткен заманауи трассаны салу туралы мәселесі шешімін табатын болды. Нысанның оның жобалық-сметалық құжаты жасалып, сараптамадан өтті.
Эльмира Ахметова, тілші:
– «Жаңа трасса бұрынғыға ұқсамайтын болады», – дейді мамандар. Ол жерде кәсіби жоғары деңгейдегі жаттығулар өткізу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылады. Тіпті қарды алдын ала жинап, маусымаралық кезеңде шаңғы тебуді ары қарай меңгере беруге болады. Ал спортшы үшін шеберлікті үздіксіз шыңдап тұру маңызды.
Бұл құрылысты жүзеге асыру үшін 7 миллард теңге бөлінеді.
Асқар Можанов, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Бұл трасса олимпиадалық стандартқа сай жабдықталатын болады. Бүкіл жарықтандыру, бейнежүйе арқылы төрелік жасау құралдары орнатылған кешен бой көтереді деуге болады.
Жоба болашақта халықаралық деңгейдегі додаларды ұйымдастыруға және қысқы туризмді дамытуға серпін береді. Қолда бар мүмкіндіктің өзімен биыл Риддерде 3 бірдей республикалық жарыс өткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Риддер #шаңғыроллер #құрылыс
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz