RU
Толық нұсқаға өту

Теңге – Қазақстанның төлқұжаты

15.11.2026, 11:16 7

33 жылда ұлттық валюта еліміздің басты төлем құралы ғана емес, оның өзіндік төлқұжатына айналды. Банкноталар мен монеталардағы бейнелер арқылы әлем біздің тарихымыз, мәдениетіміз және дәстүрімізбен танысады. Ширек ғасыр қаржы саласында жұмыс істеген Алмат Басенов, монетадағы әр өрнекті талдап, мағынасына мән береді, деп хабарлайды 24KZ.

Нумизмат ұзақ жылдар бойы Ұлттық банктің банкноталар мен монеталар дизайны басқармасын басқарды. Қазақстандық әр коллекциялық монетада білікті маманның қолтаңбасы бар. Бұл – Алмат Басеновтың коллекциясындағы ерекше монеталардың бірі. Пішіні бөлек туындыда терең мағына жатыр. Онда су құрамының өзгеруіне байланысты популяциясы күрт азайып бара жатқан балқаш алабұғасы бейнеленген. Осылайша, Ұлттық банк күміс монета арқылы жаһандық экологиялық мәселеге жұртшылықтың назарын аударуды жөн көрді. Сондай-ақ өнім әлемді жасалу технологиясымен де таңғалдырды. Оның биіктігі 17 миллиметрге жетеді. Бұл – монета соғу ісінде рекордтық көрсеткіш.

Алмат Басенов, Ұлттық валютаның дизайнері, ҚР Ұлттық банкінің еңбек сіңірген қызметкері:

– Мұндай монеталарды әдетте ұнтақтан жасайды. Ол – жұмсақ материал. Ал бұл кәдімгі күміс кесегі, осы монета сол күмістен соғу әдісімен жасалған. Басқа монета сарайларының мамандары осылай жасауға болатынына сенбеді. Алайда олар мұның «пруф» сапада екенін, яғни жылтыр және күңгірт беттердің үйлесімін көргенде, осындай әдіспен жасалғанына, қатты таңғалды.

Алғашқы қазақ архитекторы Төлеу Басеновтің немересі Алмат Басенов үшін әрбір монета жай ғана металл немесе номинал емес. Бұл – өткеннен сыр шертетін құрал. Қазақстандық монеталарда тарихи тұлғалар бейнесі, өрнектер, жануарлар және басқа да тақырыптар көрініс тапқан. Арнайы өңдеуден кейін реңін өзгертетін түрлі-түсті танталдан жасалған үлгілер, асыл тастармен безендірілген түрлері де бар. Тіпті кейбірін нағыз тұмар дерсің.

Алмат Басенов, Ұлттық валютаның дизайнері, ҚР Ұлттық банкінің еңбек сіңірген қызметкері:

– Біз үшін бұл – жұмыс дизайн арқылы тарихымыз бен мәдениетіміздің ерекшелігін сақтап, көрсетудің бір жолы. Біз мұны ең жоғары деңгейде жасауға тырысамыз. Біздің банкноттар мен монеталар әлемнің қай түкпірінде болсын, кез келген адамның коллекциясынан лайықты орын алып, «Қараңызшы, менде қазақстандық банкноттар немесе қазақстандық монеталар бар» деп мақтанышпен айтса дейміз.

26 жыл Ұлттық банкте еңбек еткен Алмат Ғалиұлы Қазақстанның барлық коллекциялық монеталарын жасауға қатысты. Қазақстанның теңге сарайынан шыққан өнімдер бірнеше мәрте халықаралық марапаттарға ие болған. Ең танымал жұмыстардың бірі – әлемнің 50 монета сарайы қатысқан байқауда бірінші орын алған «Жолбарыс» монетасы. Біздің еңбектер түрлі халықаралық байқауларда 20-дан астам аталым бойынша озық шықты.

Алмат Басенов, Ұлттық валютаның дизайнері, ҚР Ұлттық банкінің еңбек сіңірген қызметкері:

– Жалпы технология жағынан біздің монета сарайымыз қазір әлемдегі үздік бестікке кіреді. Өйткені металлдарды соғу сапасы, жылтыры, бедер биіктігі өте жоғары деңгейде. Мысалы, бұл – Германиядағы футболдан Еуропа чемпионатының монетасы. Мына допқа қараңызшы. Мұнда Proof, Anti-Proof технологиялары түгел қолданылған. Бірақ бұл енді сондай бір өзгеше, арнайы бөлшектер ғой. Мұны әр монета сарайы жасай бермейді. Сондықтан біздің мамандар мықтылар, әрине.

Алмат Басенов 1999 жылдан бері ұлттық валютаның дизайнері, халықаралық архитектура академиясының академигі, «Ерен еңбегі үшін» және «Құрмет» мемлекеттік ордендерінің иегері. Қазір ол беделді «Coin of the Year» халықаралық байқауының қазылар алқасының құрамына кіріп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестерінің жұмыстарын бағалайды.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Айсулу Махмутова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz