RU
Толық нұсқаға өту

Елордада белсенді зейнеткерлер көп

15.11.2026, 17:20 20

Елордада зейнеткерлер арасында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына деген қызығушылық артты. Қазір мұндай мекемелерде 23 мыңнан астам адам тіркелген. Қарттар орталықта жанына жақын іспен айналысып, денсаулығын нығайтады, жаңа достар табады, деп хабарлайды 24KZ.

Елорда тұрғыны Роза Баймағамбетова шет тілінен сабақ берді. Жақында зейнетке шыққан ол үйде отырып қалмай, белсенді ұзақ өмір сүру орталығына бара бастады. Бұрыннан қалаған ісі латын-америкалық би еді. Қазір Роза апай тобымен бірге түрлі байқауға қатысып, жүлделі орындар алып жүр.

Роза Баймағамбетова, қала тұрғыны:

– Би билеуді армандайтынмын. Сол арманым зейнетке шыққанда орындалды. Кім ойлаған дейсіз?! Осы орталық пен ондағы қызметкерлердің қолдауының арқасында өмірге деген құлшынысым арта түсті. Зейнеткерлерді назардан тыс қалдырмай, осындай мүмкіндік жасап отырғандарына рақмет. Меніңше, мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеуі керек.

Астанадағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына күн сайын 2,5 мыңнан астам зейнеткер келеді. Мұнда олар спортпен шұғылданып, компьютерді меңгереді және шет тілдерін үйренеді. Сондай-ақ ән айтып, би билеп, музыкалық аспаптарда ойнап, шығармашылық қабілеттерін дамыта алады. Қарттардың денсаулығын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінеді. Сабақ кестесінде йога, пилатес, емдік және оңалту жаттығулары бар.

Эльмира Жарылғапова, йога жаттықтырушысы:

– Йогаға деген қызығушылық жоғары. Бізде күту тізімі бар. Онда 50-ге жуық адам кезекте тұр. Қатысушылар сабаққа келіп, нәтижесін көріп жүр. Буындары нығайып, бұлшықеттері жұмыс істейді. Йога адамға жағымды әсер етеді. Денсаулық жақсарады, адамның көңіл күйі мен ой сергектігіне оң ықпал етеді. Жарты жылда келушілердің денсаулығы айтарлықтай жақсарады. Курсты аяқтаған кезде бәрінің жүзінен қуаныш байқаймын.

Мамандардың айтуынша, егде жастағы адамдар үшін дене шынықтырумен қатар, қоғамда белсенді болу да маңызды. Олар үшін жұртпен араласып, тәжірибе алмасқан маңызды.

Әсел Құсайынова, қала әкімдігі жанындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы:

– Ай сайын келушілер саны шамамен 100 адамға көбейеді. Олар орталықтарға тіркеліп, тегін әлеуметтік қызмет алады. Көбісі біз туралы туыстарынан, балаларынан, көршілерінен немесе орталыққа келіп жүрген өзге зейнеткерлерден естиді. Ай сайын емханаларды аралаймыз. Зейнеткерлерді орталыққа келуге шақырамыз. Мұнда келгендер жаңа құрбылармен танысады. Ер адамдар да дос табады. Тіпті жұп болып кететіндер де бар.

Орталықта 90 жастан асқан адамдар да сабаққа қатысады. Қарттарда көпшілікпен араласу және жаңа дүниелерді үйренуге деген ынта бар.

Авторлары: Дариға Ташенова, Айсулу Махмутова, Қайрат Қальянбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz