Шығыс Қазақстанда филологтар қазақ тілі мен БҰҰ-ның ресми тілдері арасындағы сөздіктерді жаңартуға үлес қосады, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандар шетелдік әріптестерімен байланысқа шығып, бірлесе жұмыс істейді. «Президенттің орфографиялық ережелерді бір жүйеге келтіріп, сөздіктерді жаңарту туралы тапсырмасы салаға тың серпін береді», – дейді тіл мамандар.
Өскемен – өндірісті қала. Техникалық терминдерді аудару кезінде мамандардың тығырыққа тірелетіні рас. Надежда Шушаникова ұзақ жылдан бері лингвистикалық мектепте білім берді. Қазір «Кел сөйлесейік» клубын басқарып, мемлекеттік тілді меңгерем дегендерге тіл үйретеді. Айтуынша, кейбір сөздердің дұрыс аудармасын табу әлі де қиын. Өйткені соңғы орфографиялық сөздік осыдан 13 жыл бұрын шыққан. Ал одан бері заман дамып, қаншама жаңа термин енді.
Надежда Шушанникова, «Кел сөйлесейік» клубының жетекшісі:
– Термин сөздерді біріздендіру өзекті мәселенің бірі болып табылады. Себебі аудармашылар осы осы аударма саласына келген кезде,әсіресе салалық аудармаларда сол кезде нақты бекітілген терминдерді білмегендіктен немесе таба алмағандықтан осы шатасу мүмкін.
Шығыс Қазақстан гуманитарлық университетінің ғалымдары екі тілді және көптілді сөздіктерді жинап жатыр. Президент тапсырмасынан соң бұл бағыттағы жұмыс қарқын алды. Бүгінде қазақ-ағылшын, қазақ-венгер сөздіктері құрастырылуда. Раушангұл Мұқышева 20 жылдан астам Еуропада сабақ берген. «Мажардың талай көркем әдебиетін қазақша сөйлеткен ұстаз сауатты сөздіктер тіл тазалығын сақтауға көмектеседі», – дейді.
Раушангүл Мұқышева, ШҚУ «Қазақ, орыс филологиясы» және «Журналистика» кафедрасының сеньор лекторы:
– Қазақтың бай қазыналы тіліне бүкіл қазақ қауымының назарын аударту ол ерекше жаңалық болды. Біз үшін сауатты сөздердің жасалуы тілімізді неғұрлым таза өзінің табиғи күйінде сақталуына бұл сөздіктердің қосатын үлесі зор.
Венгрияның Сегед университетінің профессоры Папп Шандор түркі тілдерін зерттейді. Қазір Өскемендік студенттерге дәріс беріп жүр. Филологтың айтуынша, жастардың тіл меңгеруге деген ынтасы жоғары.
Папп Шандор, профессор:
– Қазір қазақстандық студенттерді әбден танып-біліп қалдым. Олар өте талантты әрі көп тіл білуге құштар. Көркем әдебиетпен керемет жұмыс істейді. Сондықтан болар, сөздік қоры бай.
Облыс кітапханаларында қазақ жазушыларының туындыларын электронды форматқа көшіру қолға алынған. Бұндағы мақсат – шығармаларды оқырманға мейлінше қолжетімді ету. Сонымен қатар ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміне енген кітаптар да толық цифрландырылды. Филологтардың айтуынша, бұл жұмыс болашақта сауатты әрі мағыналы сөздіктер жасауға негіз болады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #24KZ #Шығыс Қазақстан #филология #сөздік #орфографияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz