Павлодардағы «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішіне жойылып кету қаупі төніп тұр. Ертіс өзенінің суы ежелгі жануарлардың сүйек қалдықтары сақталған жағалауды жыл сайын шайып барады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір ғалымдар мен қоғам белсенділері ескерткішті сақтап қалу жолын қарастырып жатыр. Мамандар тарихи нысанды қорғап қана қоймай, туристер қызығатын орынға айналдыруды көздейді.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
– Бір қарағанда, бұл аумақ Ертіс жағасындағы кәдімгі жарқабақ болып көрінуі мүмкін. Алайда оның қойнауында жеті-он миллион жылдық тарихтың ізі жатыр. «Қаз қонақ» қорымынан ежелгі гиппарион жылқысының, мүйізтұмсықтардың, алып бұғылар мен өзге де жануарлардың сүйек қалдықтары табылған. Әрбір олжа – миллиондаған жыл бұрынғы тіршілік әлемінен сыр шертетін құнды жәдігер. Бүгінде бұл аумақ ашық аспан астындағы бірегей палеонтологиялық ескерткіш саналады.
Халық арасында «Қаз қонақ» немесе «Құс өткелі» аталып кеткен бұл аумақтан ежелгі жануарлардың 60-тан астам түрінің қалдықтары табылған. Олардың арасында үш бақайлы жылқылар, ежелгі керіктер, мүйізтұмсықтар, мастодонттар мен қылыш тісті мысықтар бар. Сондай-ақ тасбақалар, ежелгі құстар мен балықтардың сүйектері кездеседі. Осыншама жануар түрінің бір жерден табылуы – ғылым үшін баға жетпес олжа. Сондықтан бірегей ескерткішті сақтап қалу аса маңызды. Өйткені Ертіс жағалауды шайып, құнды қазба қалдықтарының бір бөлігі қазірдің өзінде жойылып кеткен.
Валентина Алиясова, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры:
– Ғылыми мониторинг нәтижелері алаңдатарлық жағдайды көрсетіп отыр. 2002 жылғы карта-схеманы 2026 жылғы зерттеу деректерімен салыстырғанда, соңғы 24 жылда жағалаудың кейбір тұстары қала жаққа қарай 6-дан 17 метрге дейін опырылып түскені анықталған. Соның салдарынан жағалаудағы 6, 8, тіпті 17 метрге дейінгі аумақта сақталған палеонтологиялық материалдар жойылған. Енді бұл жерлерден табылған құнды жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу мүмкін болмайды.
Әлемдік маңызы бар ашық аспан астындағы табиғи ескерткішті сақтап қалу үшін нақты шаралар қолға алынбақ. Қазір жағалаудың одан әрі шайылуына жол бермей, «Құс өткелін» қорғау мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл іске ғалымдар мен жауапты мемлекеттік мекемелер бірлесе кіріскен.
Олег Николашин, қоғам белсендісі:
– Ескерткіштің жалпы аумағы небәрі 2 гектар 400 шаршы метрді құрайды. Бұл жер заң жүзінде қорғауға алынған. Оның сақталуына «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жауапты. Бұл мәселені шешуге облыс әкімдігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі де қолдау білдіріп отыр. Яғни «Қаз қонақ» ескерткішін сақтап қалуға барлық тарап мүдделі.
Осы мәселеге байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына жергілікті экологтар мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелері кірген.
Ерлан Құтпанбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:
– Қазіргі жағдайы өте сын көтермейді. Оны мойындау керек. Қазіргі уақытта осыны ары қарай сақтап қалуға шара қолдану керек. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті әкімшілікпен бірігіп, әрі қарай шешім қабылдаймыз.
Жол картасы аясында мамандар жағалауды бекітудің нақты инженерлік шешімдерін әзірлеуі тиіс. Жұмыстарды созбай, қысқа мерзімде жүзеге асыру көзделіп отыр. Себебі 2028 жылы «Құс өткелінің» ашылғанына 100 жыл толады. Осы уақытқа дейін жағалауды нығайтып қана қоймай, ескерткіш аумағын абаттандырып, келушілерге қолайлы жағдай жасау да маңызды. «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткіші туристік нысандар тізіміне енген.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #24KZ #Павлодар #ескерткіш #ЕртісPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz