RU
Толық нұсқаға өту

Тіл білгірі – Томирис

15.11.2026, 21:25 16

Алматылық бойжеткен IELTS емтиханынан 9 ұпай жинады. Бұл әлем бойынша 10 мың адамның 3-еуі ғана қол жеткізетін үздік нәтиже. Қазақстанда осындай жоғары көрсеткішке жеткендер саусақпен санарлық, деп хабарлайды 24KZ.

Томирис Қасымова IELTS емтиханын өмірінде алты рет тапсырған. Алғашында 7 бал жинаса, кейін нәтижесі жақсара түскен. «Алайда 9 ұпайды толық жинағанда ғана өзіне көңілі толатынын сезіп, талмай еңбектендім», – дейді ол. Биыл сол діттеген мақсатына жетті.

Томирис Қасымова, Алматы қаласының тұрғыны:

– Сол тоғызды алғанда мен шамамен үш ай дайындалдым. Енді үш ай дегенде, қалай дайындалдым? Иә, әрине, адамның бастапқы деңгейі де үлкен рөл ойнайды. Менің бастапқы деңгейім негізі біраз жақсы болды. Бірақ нақты тесттің әдістері, стратегиялары, қысқа уақытта қалай бар білімді көрсету? Сол жағына жұмыс жасадым.

«Жоғары нәтижеге жету үшін тілді тұрақты қолдану да маңызды», – дейді ол. Бұл оқығанды көңілге мықтап тоқуға көмектеседі. Дегенмен мамандар жетістікке жетудің әмбебап формуласы болмайды деген пікір айтады.

Дана Нығметжанова, TILU онлайн мектебі сапа бөлімінің басшысы:

– Жоғары деңгейге дайындалу барысында ең маңыздысы студенттің проблемалық нүктелерін, нақты қандай мәселе бар, сол студентке қалай жұмыс жасау керек? Соны білу маңызды. Бұл жерде барлығына келетін жалпылама бағдарлама жасау мүмкін емес. Әр оқушыға бейімделген жеке әдістеме өте маңызды болады.

Әлемде емтиханнан 9,0 ұпай жинағандар өте аз. Статистика бойынша IELTS Academic тапсырғандар арасында бұл нәтижеге шамамен 0,03%, IELTS General Training сынағына кіргендердің 0,54% ғана қол жеткізеді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қасымхан Жиенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz