Қазақстанда қысқы маусымға 15 мың техника мен 40 мыңнан астам маман дайындалды. Елде 1 700-ден астам жылыту пункті жұмыс істейді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Арман Ибрашев 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Құтқарушылардың міндеті – боранда немесе қар құрсауында қалған адамдарды іздестіру, алғашқы көмек көрсету және оларды қауіпсіз жерге жеткізу. Ол үшін арнайы техника мен заманауи құрылғылар қолданылады.
Әр бөлімшемізде қарда жүруге арналған арнайы техника бар. Одан бөлек, ұшқышсыз ұшу аппараттары, тепловизорлар және авиациялық құрылғыларымыз бар. Осындай мүмкіндіктердің арқасында боранда қалып қойған адамдарды іздестіріп, оларға дер кезінде көмек көрсете аламыз. Құтқарушылар кез келген уақытта көмекке шығуға дайын, – деді Арман Ибрашев.
Құтқару жұмыстары әр өңірдегі жедел жасақтар арқылы ұйымдастырылады. Ауа райы мен жол жағдайын республикалық және жергілікті штабтар бақылап, тұрғындарға жолдардың жабылғаны немесе ашылғаны туралы SMS және әлеуметтік желілер арқылы хабарлайды. Қажет болса, құтқарушылар полиция, медицина қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейді.
Байланыс желісі жоқ аумақта қалған адамдарға Starlink жүйесі де көмектесе алады. Оның көмегімен интернетке қосылып, құтқару қызметімен байланысуға мүмкіндік бар. Маман мұндай жағдайда 112 нөміріне хабарласып, тұрған жерді нақты көрсету керегін айтады.
Ең алдымен, алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын қарап алу керек. Өзіңізбен бірге азық-түлік, жылы киім және дәрі қобдишасы болуы қажет. Сонымен қатар көлікте сүйреу арқаны мен аккумуляторға арналған сымдарды алып жүрген жөн. Қыс мезгілінде жолдың кез келген уақытта жабылып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған дұрыс, – деді маман.
Ал көлік қар құрсауында қалса, оны тастап кетуге болмайды. Жүргізуші 112 нөміріне хабарласып, тұрған жерін айтып, құтқарушыларды күтуі керек. Арман Ибрашевтің айтуынша, ауа райы қолайсыз болған кезде сапарды кейінге қалдырған дұрыс.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ТЖМ #қар құрсауы #қысқы маусым #құтқару жұмыстарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz