Бала оқығысы келеді, бірақ әріптерді шатастырып, сөздерді дұрыс оқи алмайды. Мұның себебі жалқаулық емес, дислексия болуы мүмкін. Қазақстанда 3 мыңнан астам балада осындай ерекшелік анықталған. Бұл туралы «Хабар» телеарнасының «7 күн» апталық-сараптамалық бағдарламасында айтылды.
Дислексия – мидың жазбаша ақпаратты қабылдау және өңдеу ерекшелігі. Мұндай балалардың ақыл-ой қабілеті мен көру немесе есту жүйесінде міндетті түрде ақау болмайды. Бірақ әріптерді тану, сөздерді дұрыс оқу, мәтінді түсіну қиынға соғуы мүмкін. Кейде бала бір әріпті екіншісімен шатастырып, мәтінді бірнеше рет оқыса да, мағынасын ұға алмайды.
Әріптер баланың миында тұрақты сақталмайды. Біз үшін әріптің бейнесі анық болғанымен, дислексиясы бар бала оны басқаша қабылдауы мүмкін. Мәселен, «Я» әрпін керісінше, ал «К» әрпін басқа бағытта көргендей болады. Яғни әріптер айнадағыдай теріс немесе төңкеріліп көрінуі мүмкін, – дейді ҚР логопедтер мен дефектологтар қауымдастығының мүшесі Майра Болатбекқызы.
Мұндай қиындықты үшінші сынып оқушысы Айсұлтан да бастан өткеріп жүр. Оның айтуынша, мәтінді оқығанда кейде басқа әріптерді қосып, сөздерді шатастырады. Баласының оқуындағы ерекшелікті байқаған анасы Фариза Құндызбаева әуелі үйде буынға бөліп оқытуға тырысқан. Кейін логопед маманның көмегіне жүгіну қажет екенін түсінген.
Дислексия баланың сабағына ғана емес, психологиялық жағдайына да әсер етеді. Қатарластарынан қалып қойғанын сезінген бала өзіне сенімсіз болып, сыныпта тұйықталуы мүмкін. Әсіресе, жоғары сыныптарда бұл қиындық айқынырақ байқалады. Сондықтан ата-ана мен мұғалім баланың оқуындағы кедергінің себебін ерте анықтауы маңызды.
Қазір балалар арасында дислексия мен дисграфия жиі кездеседі. Орталықтарымызға оқуы мен жазуында үлкен қиындықтары бар мектеп жасындағы балалар көп келеді. Бұл – үлкен мәселе. Өкінішке қарай, қазір оны тиісті деңгейде талқылап жатқан жоқпыз, – дейді Майра Болатбекқызы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде 3 мыңнан астам балада дислексия анықталған. Ал білім беру жүйесінде 11 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл бағытта әлі де 3 мың маман қажет. Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 1 200-ден астам қолдау кабинеті жұмыс істейді.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде 11 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді. Бұл ретте бізде қажеттілік 3 мыңды құрайды. Қазір ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 1 200-ден астам қолдау кабинеті жұмыс істейді. Алдағы уақытта өңірлерде мұндай кабинеттер санын арттыру жоспарланған, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы Жұлдыз Мұқашева.
Мамандар дислексияны толық емдеп жіберу мүмкін болмаса да, арнайы логопедиялық және нейропсихологиялық әдістер арқылы баланың оқу дағдысын дамытуға болатынын айтады. Ең бастысы – баланы оқи алмағаны үшін жазғыру емес, оның неліктен қиналатынын түсініп, дер кезінде көмек көрсету. Өйткені дислексия баланың қабілеті мен болашақта жетістікке жетуіне кедергі болмауы керек.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #дислексия #оқушы #әріптер #оқу
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz